
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен онлайн өткен аппараттық мәжіліске Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Н. Елшібаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Д. Тоқшабаев және жауапты сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде жазғы шомылу маусымын қауіпсіз өткізу, қоғамдық жайылым жерлерді қайтару жұмыстары және «2025–2030 жылдарға арналған Заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасының» орындалу барысы қаралды.
Облыстық аппараттық мәжілістегі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жазғы шомылу маусымының өту барысы туралы аудан басшысына аудан әкімінің кеңесшісі Б. Қалдарбек Шардара су қоймасының жағалауындағы су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті кезекшілік ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ жауапты мекемелер тарапынан тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, жағажайлар мен демалыс орындарының санитарлық тазалығы қатаң бақылауда тұрғанын жеткізді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев күн тәртібінде қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, жазғы шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау, жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы іс-шараларды күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар, аудан басшысы барлық жауапты сала басшыларына бекітілген жоспарлардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеп, халықтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қатысты мәселелер әрдайым басты назарда болатынын атап өтті.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1247351?lang=ru

Жауап қалдыру