
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мәселесі қаралды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
– Шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында насихаттық және түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Соңғы үш жылда суға кету оқиғалары көп тіркелген аумақтарды зерделеп, ескерту тақталарын орнату маңызды. Облыс аумағында барлық су айдындарында шомылу маусымын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзада өңірдегі судағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасады. Биыл 23 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары негізінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда суға кету деректері 34 пайызға төмендегенімен, әлі де қайғылы оқиғалар кездесуде. Мамандардың мәліметінше, қайғылы оқиғалардың 95 пайызы жабдықталмаған, шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген. Негізгі себептер – қауіпсіздік талаптарын сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру және белгіленбеген жерде суға түсу.
Балаларды жүзуге үйрету жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда 45 кәсіпкермен меморандум жасау қолға алынып, оның нәтижесінде 1672 бала тегін жүзуді меңгеріп, арнайы дайындықтан өткен.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1245619?lang=kk

Жауап қалдыру