
Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кеден саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында «Қалжат» өткізу пунктінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына су биологиялық ресурстарын өндіру (аулау) құралдарына қойылатын қауіпсіздік параметрлеріне сәйкес келмейтін өнімді әкелу әрекетінің кезекті фактісін жолын кесті. Атап айтқанда, «Қалжат» кеден бекетінің қызметкерлері кедендік тексеру жүргізу барысында Қытай Халық Республикасынан Қазақстан Республикасының аумағындағы серіктестіктердің бірінің атына бағытталған автокөлік құралының жүк бөлігінен диаметрі 0,12 мм полиамидті моноталшықтардан жасалған, ұяшық өлшемі 30 мм болатын, жалпы салмағы 27 634,1 кг және кедендік құны 39 985 437,34 теңгені құрайтын «балық аулау торларын» анықтады. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі №30 «Тарифтік емес реттеу шаралары туралы» шешімімен бекітілген «Әкелуге тыйым салынған биологиялық ресурстарды өндіру (аулау) құралдарының» 1.7-тармағына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған тауарлардың тізбесі белгіленген. Аталған шешімге сәйкес, «жіп диаметрі 0,5 мм-ден аз және ұяшық өлшемі 100 мм-ден кем, құрылымдық ұяшық өлшемі 50 мм-ден кем болатын дайын балық аулау торларын, түйінді, машиналық немесе қол тәсілімен синтетикалық нейлон немесе өзге де полиамидті моноталшықтардан дайындалған балық аулау торларын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге тыйым салынады. Осылайша, жүргізілген кедендік бақылау нәтижесінде серіктестік әкелген «балық аулау торлары» тауарының жіп диаметрі мен ұяшық өлшемдерінің нақты сипаттамалары ЕАЭО аумағына әкелуге рұқсат етілген параметрлерге сәйкес келмейтіні толықтай анықталды, бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 7-бабына сәйкес тауарлар Одақтың кедендік шекарасы арқылы тыйым салулар мен шектеулерді сақтай отырып өткізіледі және (немесе) кедендік рәсімдерге орналастырылады. Нәтижесінде заңды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 545-бабы бойынша сотпен («Тауарлар мен көлiк құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткiзген кезде тыйым салулар мен шектеулерді қолдану тәртiбiн сақтамау») әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (78 640 теңге) әкімшілік айыппұл салынды және әкімшілік құқық бұзушылықтың тікелей нысанасы болған тауар тәркіленеді. Айта кету қажет, ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде кеден заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері мемлекеттік кірістер органдарының басым міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты Департамент жағымсыз салдарлардың алдын алу мақсатында сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды кеден саласында белгіленген ұлттық және халықаралық құқықтық нормалар мен қағидаларды қатаң сақтауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-alm/press/news/details/1245803?lang=ru

Жауап қалдыру