
Жамбыл дәрігерлері халықаралық сарапшылардан білім алуда
Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында өңірдің неонатолог дәрігерлері, неонаталдық мейіргерлері, акушер-гинекологтары мен акушерлеріне арналған 5 күндік білім беру бағдарламасы өз жұмысын бастады.
Оқу курсы 22–26 маусым аралығында Литва Республикасындағы Вильнюс перинаталдық орталығының жетекші мамандарының қатысуымен өтуде.
Халықаралық сарапшылар тобының құрамында акушер-гинеколог, профессор Диана Рамашаускайте, неонатолог, профессор Арунас Любшис, жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөліміндегі мейіргерлік қызмет үйлестірушісі Инеса Суботович және акушерлік қызмет үйлестірушісі Людмила Терешко бар.
Бағдарламаның ашылуында Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек ана мен бала денсаулығын қорғау өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
– Босандыру қызметін дамыту, ана мен нәресте өлімін азайту, перинаталдық және неонаталдық көмектің сапасын арттыру – біздің негізгі міндеттеріміз. Литвалық әріптестермен ынтымақтастық озық халықаралық тәжірибені енгізуге және ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Сержан Назарбек.
Өз кезегінде профессор Арунас Любшис қазақстандық тарапқа шақырту үшін алғыс білдіріп, бұл бағдарламаның тек тәжірибе алмасумен шектелмей, күрделі клиникалық жағдайларды бірлесіп талқылауға бағытталғанын жеткізді.
– Біз тек өз білімімізбен бөлісу үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа туған нәрестелер мен аналарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал ететін ортақ шешімдер табу үшін келдік, – деді ол.
Бағдарламаның алғашқы күні шетелдік мамандар Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының қызметімен, өңірдегі перинаталдық көмекті ұйымдастыру жүйесімен, сондай-ақ ана, перинаталдық және неонаталдық өлім көрсеткіштерімен танысты. Сонымен қатар акушерлік және неонаталдық қызметтерді дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, алдағы оқу бағдарламасының негізгі бағыттары айқындалды.
Аталған халықаралық білім беру бағдарламасын іске асыру Жамбыл облысының мамандарына медициналық көмектің заманауи тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік беріп, ана мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін көмектің сапасы мен қауіпсіздігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1246770?lang=ru

Жауап қалдыру