
Аудандық мәдениет үйінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Обаев Руслан Мырзағұлұлы мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел игілігі жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Салтанатты жиында өз қызметіне адалдық танытып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілер түрлі марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген мамандарға Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаттары, аудан әкімінің Алғыс хаттары, салалық кәсіподақтың Алғыс хаттары және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алғыс хаттары табысталды.
Мерекелік кештің ерекше көрінісі – сахна төрінде мемлекеттік қызметшілер мен өнерпаздардың бірлесіп өнер көрсетуі болды. Әсем ән мен әуезді күйге ұласқан концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің мәнін арттыра түсті.
Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған бұл шара мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызын дәріптеп, сала мамандарының еңбегіне деген құрметті айшықтай түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-baiganin/press/news/details/1248798?lang=ru

Жауап қалдыру