
Əділет партиясының төрағасы Айбек Дəдебай Іскерлік кеңес құрылғанын көлік-логистика саласының өкілдерімен өткен кездесуде мəлімдеді. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, ірі компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысты. Кездесуде Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындаған көлік-логистика саласын дамыту мəселелері қаралды. Айбек Дəдебайдың айтуынша, қуатты бизнес пен мемлекет, кəсіпкерлер жəне сарапшылар қоғамдастығы ұдайы өзара ықпалдасып отырмайынша, экономика тұрақты дамымайды. Сондықтан «Əділет» партиясының Іскерлік кеңесі диалог құруға жəне ортақ шешімдер əзірлеуге арналған тұрақты алаңға айналады. «Біз үшін бизнес – тұтас экономиканың қозғаушы күші. Кəсіпкерлер тəуекелге барып, жаңа іс бастайды, өндіріс ашады, елді алға бастайды. Əрбір кəсіпорын – бұл жаңа жұмыс орындары, отбасылардың табысы, бюджетке түсетін салық деген сөз. Ал сол салықтың есебінен мектеп те, аурухана да, жол да салынады. Осылайша, тұтас өңірлердің тұрақтылығы қалыптаспақ», – деді ол. Бүгінде Қазақстан Еуразиядағы ең ірі көлік-транзиттік хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Былтырғы қорытынды бойынша сала 20,4%-ға өсіп, оның ЖІӨ-дегі үлесі 6,1%-ға жетті, ал транзиттік тасымал көлемі 39 млн тоннадан асты. Партия төрағасының айтуынша, көлік пен логистика – экономикалық өсімнің жаңа табыс көзі. Ал транзит жеке табысы, экономикаға қосатын үлесі жəне жұмыс орындары бар дербес экономикалық салаға айналып келеді. «Транзит енді тек жолдар, теміржолдар мен терминалдар мəселесі ғана емес. Ол өз табысы, жұмыс орындары, экономикалық өсімге қосатын үлесі бар дербес экономика саласына айналып келеді. Біз үшін бұл тек жүк тасымалданатын бағыт емес. Бұл – өз өндірісімізді дамыту, экспорт көлемін арттыру жəне еліміздің барлық өңірінде жаңа табыс көздерін құру мүмкіндігі», – деді Айбек Дəдебай.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum-khantau/press/news/details/1248976?lang=kk

Жауап қалдыру