
Есірткі заттарын заңсыз пайдалануға және олардың заңсыз айналымына қарсы халықаралық күнге орай Астана қаласының Психикалық денсаулық орталығында ашық есік күні өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық Психикалық денсаулық орталығының амбулаториялық-емханалық қызмет бөлімінің меңгерушісі Фардана Халықованың айтуынша, медициналық акцияның мақсаты – халықтың психоактивті заттарды қолданудың салдары, тәуелділіктің алдын алу шаралары, сондай-ақ психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек алу мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыру.
«Ашық есік күнін біз Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп ұйымдастырдық. Іс-шара бағдарламасына психикалық денсаулық саласының мамандарының кеңес беру қабылдауы енгізілді. Келушілер балалар психиатрының, психологтың және психиатр-наркологтың кеңесін ала алады. Сонымен қатар тәуелділіктің алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру дәрістері мен әңгімелер өткізіліп, салауатты өмір салты туралы буклеттер мен жадынамалар таратылады. Бұдан бөлек, жүлделер ұсынылатын танымдық викторина ұйымдастырылды», – деді Фардана Халықова.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1249015?lang=ru

Жауап қалдыру