
Ақтөбеде 39 жастағы тұрғын телефон алаяқтарының құрбаны болып, 4,5 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылды.
Жәбірленушінің айтуынша, оған WhatsApp мессенджері арқылы өзін электр энергиясымен қамтамасыз етуші мекеменің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласқан. Ол электр есептегішін тексеру және ауыстыру қажеттігін айтып, 1414 нөмірінен келген SMS-хабарламадағы растау кодын сұраған.
Кодты айтқаннан кейін тұрғынға өзін мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған өзге адамдар қоңырау шалған. Олар азаматтың атына алаяқтар несие рәсімдеп жатқанын айтып, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екеніне сендірген. Алаяқтардың нұсқауын орындаған ақтөбелік көрсетілген шотқа 4,5 миллион теңгеден астам қаражатты аударып жіберген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Ешқашан SMS арқылы келген растау кодтарын, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеңіздер. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді қоңырау қабылдасаңыз, дереу 102 арнасына хабарласыңыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1248067?lang=ru

Жауап қалдыру