
Жаз мезгілінде көкөністер, жемістер, жидектер мен бақша дақылдары күнделікті тағам рационының негізгі бөлігін құрайды. Алайда азотты тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану салдарынан бұл өнімдерде нитраттардың мөлшері артуы мүмкін.
Нитраттар – ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру мақсатында қолданылатын азот қосылыстары. Аз мөлшерде олар адам ағзасына қауіп төндірмейді. Бірақ шамадан тыс мөлшерде түскен жағдайда улануға әкелуі мүмкін. Ағзада нитраттар нитриттерге айналып, қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетеді. Бұл әсіресе бір жасқа дейінгі балалар үшін аса қауіпті.
Өнімнің сыртқы түріне қарап нитрат мөлшерін анықтау мүмкін емес. Дегенмен тым ірі жемістер, табиғи емес ашық түс, қабығындағы жарықтар және шамадан тыс шырындылық күмән тудыруы тиіс. Сондықтан көкөністер мен жемістерді тек маусымында және ресми сауда орындарынан сатып алған жөн.
2025 жылдың ағымдағы кезеңінде Ақмола облысында жіті ішек инфекциясының 105 жағдайы тіркелді. Оның ішінде сырқаттанғандардың 15,3% аурудың көкөністерді, жемістерді және жаңа дайындалған көкөніс салаттарын тұтынумен байланысты екенін көрсеткен.
1 сәуірден бастап Ақмола облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Ұлттық сараптама орталығының мамандарымен бірлесіп халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көкөністерге, жемістерге және бақша дақылдарына нитрат мөлшерін анықтау бойынша тегін жедел зерттеулер ұйымдастыруда.
Осы кезеңде барлығы 115 сынама зерттеліп, оның 11 (9,5%) нитрат мөлшерінің рұқсат етілген шектен асқаны анықталды. Сәйкес келмеген өнімдер Қытай, Чили, Бразилия және Өзбекстан өндірушілеріне тиесілі болды. Нормадан асып кету фактілері Аршалы және Бурабай аудандарында, сондай-ақ Көкшетау және Степногорск қалаларында тіркелді.
Көкшетау қаласында нитраттардың мөлшерін анықтау бойынша зерттеулерді «Өнім қауіпсіздігі» ЖШС жүргізеді. Қазіргі уақытта зертханалық бақылау тек «Цитрус», «Жеке-Батыр» сауда үйлерінде және ЖК Мирзохит сауда орнында жүзеге асырылуда.
Улану қаупін азайту үшін көкөністер мен жемістерді сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз, тұтынар алдында мұқият жуыңыз және мүмкіндік болған жағдайда өнімдерді нитрат мөлшеріне тегін тексертіңіз. Қарапайым сақтық шаралары өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1248872?lang=ru

Жауап қалдыру