
Бүгін, 29 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиында балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу және шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселелері қаралды.
Жиынды ашқан өңір басшысы адам өмірі мен денсаулығын сақтау, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдар жұмысының басты басымдығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу барлық жауапты мекемелердің жүйелі әрі үйлесімді жұмысын талап етеді.
Салаға жауапты қызметтердің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста балалардың терезеден құлауына қатысты бірнеше оқиға тіркеліп, оның үшеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, көпқабатты тұрғын үйлердегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алу және жаңа тұрғын үйлерді терезе қорғаныс құрылғыларымен жабдықтау жұмыстарын жандандыру тапсырылды.
Сонымен қатар су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Жауапты мекемелерге ескерту белгілері мен ақпараттық тақтайшаларды көбейту, рейдтік іс-шаралар мен тұрақты патрульдеуді күшейту, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау міндеттелді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай балалардың қатысуымен болатын төтенше жағдайлардың алдын алу – барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті екенін айтты.
– Балалар мен облыс тұрғындарының қауіпсіздігіне формалды түрде қарауға болмайды. Әрбір жауапты мекеме төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты бақылау орнату қажет. Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне, судағы демалысты қауіпсіз ұйымдастыруға және жүктелген міндеттердің орындалуына әрбір лауазымды тұлғаның жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударылуға тиіс, – деді өңір басшысы.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен қала, аудан әкімдіктеріне анықталған кемшіліктерді жою, профилактикалық жұмыстарды күшейту, балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қабылданған шешімдердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1250028?lang=ru

Жауап қалдыру