
23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Сауран ауданында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаевтың қатысуымен өткен мерекелік іс-шарада мемлекеттік қызмет саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың өңірдің дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Жиында мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызы, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтудағы рөлі және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары саналатын заңдылық, ашықтық, жауапкершілік және халыққа адал қызмет ету құндылықтарының маңыздылығы атап өтілді.
Салтанатты шара барысында мемлекеттік қызмет саласында жоғары нәтижелер көрсетіп, өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары, Сауран ауданы әкімінің Алғыс хаттары және Сауран аудандық мәслихаты төрағасының Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар «Сауран ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Іс-шара аясында мемлекеттік қызмет қатарына жаңадан қабылданған қызметкердің ант қабылдау рәсімі өткізіліп, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өзекті мәселелер мен кадр саясатының негізгі бағыттары жөнінде баяндама жасалды. Жиын соңында марапат иелеріне алдағы қызметтеріне толағай табыс тілініп, мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыру жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1249392?lang=kk

Жауап қалдыру