
26 маусым күні Қарақия ауданында қоршаған ортаны абаттандыру мен санитарлық тазалықты жақсартуға бағытталған ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Ауданның экологиялық мәдениетін көтеруді көздеген бұл шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар біркісідей атсалысты.
Жалпы саны 300-ге жуық адам қатысқан тазалық науқаны барысында ауылдағы орталық көшелер, теңіз жағалауы қоқыстан тазартылды.
Іс-шараның жоғары деңгейде әрі нәтижелі өтуіне күні кеше ғана аудан басшысы Сымбат Төретаев кілттерін табыстап, пайдалануға берілген су жаңа техникалар үлкен септігін тигізді.
Коммуналдық саланың әлеуетін арттыру мақсатында табысталған 12 дана арнайы техника бүгінгі сенбілікте алғаш рет толық қуатында қолданысқа енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетті.
Нәтижесінде, жаңа техникалардың көмегімен елді мекендерден 50 текше метрден астам қоқыс шығарылып, арнайы полигондарға жеткізілді.
Жаңадан қосылған техникалық ресурстар жұмыс қарқынын еселеп, қысқа мерзімде ауқымды аумақты ретке келтіруге мүмкіндік берді.
Аудан әкімдігі мен жауапты сала мамандары тазалық жұмыстарының мұнымен шектелмейтінін, қоршаған ортаны қорғау және туған өлкені көркейту бағытындағы осындай жүйелі шаралардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1249397?lang=ru

Жауап қалдыру