
Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен ұйымдастырылып отырған «Senat Open – 2026» III ашық кубогының республикалық финалдық кезеңі басталды.
Финалдық турнирдің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, турнирдің елімізде бұқаралық шахматты дамытуға, зияткерлік мәдениетті қалыптастыруға және түрлі сала өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына ықпал ететін маңызды жобаға айналғанын атап өтті.
Республикалық жарысқа еліміздің барлық өңірлерінде өткен іріктеу кезеңдері мен аймақтық жартылай финалдардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысуда. Атырау облысының қатысушылары Ақтау қаласында өткен Батыс аймақтық жартылай финалдың қорытындысы бойынша жолдама алған болатын.
Бүгінгі финалдық кезеңге Атырау облыстық мәслихатының Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Бақыт Каметов, Атырау облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Ержан Барлыбайұлы, Исатай аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Айбек Нұрлыбеков, Индер аудандық мәслихаты аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков, білім саласынан Артур Мәукенов және БАҚ саласының өкілі Асқар Қошқарбаев Атырау өңірінің намысын қорғауда.
«Senat Open» турнирі үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Турнир шахмат спортын кеңінен насихаттауға, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және қоғамда зияткерлік ойын мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды жоба ретінде өз жалғасын тауып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-region/press/news/details/1249012?lang=ru

Жауап қалдыру