
Катонқарағай ауданының Сарымсақты шатқалында ШҚО ТЖД құтқарушылары Қазақстан Республикасы ТЖМ «Қазселденқорғау» мамандарымен бірлесіп оқу-жаттығу өткізіп, сел ағынының жүру қаупі туындаған жағдайда авариялық-құтқару жұмыстарын пысықтады.
Аңыз бойынша нөсерлі жауын-шашын салдарынан Сарымсақты өзеніндегі су деңгейі қауіпсіз деңгейден асып, сел ағынының ықтимал әсер ету аймағына 24 тұрғын үй, туристік инфрақұрылым нысандары, пантомен емдеу орны, демалыс үйі, автожанармай құю станциясы және республикалық маңызы бар автомобиль жолының бір бөлігі түскен.
Құрылған жедел штаб күштер мен құралдардың іс-қимылдарын үйлестіруді, халықты қорғау жөніндегі шешімдерді қабылдауды, эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруды және тартылған барлық қызметтің өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
Сел ағыны туристік шатырды, бірнеше тұрғын үйді және автомобиль жолының бір бөлігін басып қалды. Оқиға орнына келген кинологиялық есептоптар үйінді астында қалған туристі іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Зардап шегуші табылғаннан кейін құтқарушылар оны үйінді астынан шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел медициналық жәрдем көлігіне жеткізеді.
Күрделі таулы жер бедеріне және сел қаупі жағдайын жедел бағалау қажеттілігіне байланысты ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылып, Сарымсақты өзені бассейніне әуеден визуалды тексеру жүргізеді, беткейлердің жай-күйін және сел ағындарының қалыптасуы мүмкін аймақтарды бағалайды.
Зардап шеккен азаматтарды орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар уақытша орналастыру пункттерін дайындады. Сел жүрген жерде инженерлік техниканы тарта отырып, өзен арнасын тазарту және автомобиль жолындағы үйінділерді жою жұмыстары жүргізілуде. Беткейлердің тұрақтылығы мен жай-күйін бағалап, сел жағдайына мониторингті «Қазселденқорғау» мамандары жүзеге асырады.
Төтенше жағдай аймағынан тұрғындарды эвакуациялауды ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімі екінші құтқару батальонының жеке құрамы мен эвакуациялық қызмет жүргізеді. Полиция аумақты қоршау мен күзетуді қамтамасыз етті.
Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін төтенше жағдай аймағындағы әрекет ету мен іс-қимылдарды жүзеге асыру бойынша талдау және қорытындылау жүргізілді.
-Шығыс Қазақстанда жалпы алғанда 4 әкімшілік аумақта орналасқан 13 өзен бассейні сел қаупін тудырады. Олар – Зайсан ауданы, Риддер қаласы, Алтай ауданы және Катонқарағай ауданы. «Қазселденқорғау» мамандары қауіпсіздік мақсатында жыл сайын көлдер мұздан әлі толық ашылмаған кезеңнен бастап толық ашылғанға дейін сел қаупі жағдайын бақылау үшін тексеру жұмыстарын жүргізеді. Осындай оқу-жаттығуларды өткізу басқару органдарының, құтқару бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың сел қаупі туындаған кездегі өзара іс-қимыл тәртібін пысықтауға мүмкіндік береді.
Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша Сарымсақты өзені бассейніндегі мореналық көлдердің жай-күйін, су көлемін және ықтимал сел қаупі деңгейін нақтылау үшін батиметриялық зерттеулер жүргізу қажеттілігін анықтау қажет, – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Енсегенов.
ШҚО ТЖД және «Қазселденқорғау» еске салады: тауға шығар алдында маршрутты мұқият зерттеңіз; сел қаупі бар учаскелерден, әсіресе нөсерлі жауыннан кейін, аулақ болыңыз; жақындап келе жатқан сел ағынының шуын естіген жағдайда, дереу сай түбінен ағыс бағыты бойынша жоғары қарай кемінде 50-100 метр көтерілу қажет; сел ағынынан үлкен салмақтағы тастардың алыс қашықтыққа дейін лақырылуы мүмкін екенін есте сақтаңыз, олар адам өміріне қауіп төндіреді; сел ағынынан тек оның жолына түспеу арқылы ғана құтылуға болатынын әрдайым есте сақтаңыз.
Төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз.
Дереккөз: ШҚО ТЖД

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1248496?lang=ru

Жауап қалдыру