
Ұлытау облысында заманауи криминалистикалық техникалар көрмесі өтті
Ұлытау облысының полиция департаменті өңірдегі құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды ізін суытпай ашу және тергеу сапасын арттыру мақсатында заманауи криминалистикалық техникалар мен цифрлық технологиялардың арнайы көрмесін ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты — халықаралық (Ұлыбритания мен Беларусь) және отандық озық технологиялық шешімдерді таныстыру, сондай-ақ оларды ішкі істер органдарының күнделікті қызметіне енгізу мүмкіндіктерін талқылау. Көрмеге Ұлытау облыстық мәслихатының өкілдері, облыстық цифрлық технологиялар мен даму басқармаларының мамандары, Жезқазған қаласы прокуратурасының қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Көрме аясында қылмыспен күреске және заманауи тергеу амалдарын жүргізуге арналған келесідей озық технологиялар таныстырылды: Криминалистикалық арнайы жарық көздері — қылмыс болған жердегі көзге көрінбейтін микроіздер мен заттай дәлелдемелерді анықтауға арналған озық құрылғылар; Жылжымалы криминалистикалық зертхана — кез келген жерде жедел түрде криминалистикалық сараптамалар мен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы техника; Ұшқышсыз авиациялық жүйелер (дрондар, БПЛА) — қоғамдық тәртіпті бақылау, іздеу-құтқару жұмыстары және қауіпсіздікті қамтамасыз ету тиімділігін арттыратын аппараттар; Адам бет-әлпетін тану жүйесі — қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, іздеуде жүрген тұлғаларды жедел анықтауға арналған зияткерлік бағдарламалық жасақтама; Цифрлық криминалистика саласындағы жаңа шешімдер — киберқылмыспен күресуге, сандық деректерді қалпына келтіруге және талдауға арналған бағдарламалар; VIN кодтарды қалпына келтіру құрылғылары — автомашиналардың өшірілген VIN кодтары мен қару-жарақтағы жойылған немесе қолдан өзгертілген нөмірлік белгілерді анықтайтын арнайы техника. Полиция өкілдерінің айтуынша, заманауи қылмыстардың сипаты өзгергендіктен, құқық қорғау органдарының жұмысын цифрландыру өте маңызды. — Бүгінгі таңда қылмыстың түрі де, сипаты да өзгеріп жатыр. Сондықтан полиция қызметін заманауи технологиялармен жарақтандыру — уақыт талабы. Көрмеге қойылған құрылғылар мен цифрлық шешімдер қылмыстық іздерді дәл анықтауға, тергеу мерзімін қысқартуға және дәлелдемелік базаны күшейтуге септігін тигізеді, — деп атап өтті ПД жедел криминалистік басқармасының бастығы Бауыржан Қалыбеков. Ұлытау облысында өткен бұл шара өңірдегі қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеруге және криминалистердің жұмысын жеделдетуге септігін тигізбек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-ulytau/press/news/details/1249500?lang=ru

Жауап қалдыру