
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Абай облысында жастарды зиянды әдеттерден қорғау, есірткі қылмыстарының алдын алу және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған кеңейтілген дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері, жастар ұйымдарының белсенділері қатысып, өңірдегі профилактикалық жұмыстардың қазіргі жағдайы мен оларды жетілдірудің жаңа бағыттарын талқылады. Кездесу барысында нашақорлықтың алдын алу саласындағы өзекті мәселелер көтеріліп, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастырудың тиімді тәсілдері қарастырылды.
Дөңгелек үстелдің негізгі өзегі құқық қорғау органдарының қызметіне арналды. Себебі есірткі қылмысына қарсы күрес тек заң бұзушыларды анықтап, жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өскелең ұрпақтың болашағын қорғауға және қоғамның тұрақты дамуына бағытталған жүйелі жұмыс. Осы ретте полиция қызметкерлері өңірде жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижелерімен бөлісіп, заңсыз есірткі айналымына қарсы күресте заманауи тәсілдердің қолданылып жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында Абай облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов сөз сөйлеп, есірткіге қарсы күрестің бүгінгі таңдағы маңыздылығына тоқталды.
– «Есірткі қылмысына қарсы күрес – құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі. Біздің басты мақсатымыз – заңсыз айналым арналарын анықтау ғана емес, ең алдымен азаматтарды, әсіресе жастарды есірткінің зиянды ықпалынан қорғау. Қазіргі уақытта профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Себебі кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу – оның салдарымен күресуден әлдеқайда тиімді. Сондықтан қоғам болып бірігіп әрекет еткен жағдайда ғана бұл қауіптің алдын ала аламыз», – деді Думан Үкіжанов.
Қатысушылардың пікірінше, бүгінгі таңда есірткінің таралу тәсілдері өзгеріп, интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылатын құқық бұзушылықтардың үлесі артып келеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлері цифрлық технологияларды пайдалана отырып, заңсыз контентті анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.
Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындарды қырағылық танытуға шақырып, күмәнді ақпараттар мен заңсыз әрекеттер туралы дер кезінде хабарлаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және отбасылық тәрбиенің рөлін күшейту мәселелері де кеңінен талқыланды.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар нашақорлықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екендігін атап өтті. Ал полиция қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында кешенді шараларды жалғастыра беретінін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1249695?lang=ru

Жауап қалдыру