Жоғары аудиторлық палата «Мемлекеттік аудит» мамандығының түлектерін құттықтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік аудит» білім беру бағдарламасы түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Осы жылы бакалавриат бағдарламасы бойынша 25 жас маман оқуын аяқтаған. Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының атынан түлектерді Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов құттықтады.

Биыл Жоғары аудиторлық палата 30 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар бойы мемлекеттік аудит жүйесі үшін білікті кадрлар даярлау Палата қызметінің басым бағыттарының бірі болып келеді.

Атап айтқанда, ЕҰУ-дағы «Мемлекеттік аудит» кафедрасы 2018 жылы Жоғары аудиторлық палатаның (сол кездегі Есеп комитетінің) бастамасымен құрылды. Аудиторлар студенттерге дәріс оқып, оқу процесіне тұрақты түрде қатысады, сондай-ақ білім алушылардың өндірістік практикасын ұйымдастыруға және ғылыми-зерттеу қызметіне қолдау көрсетеді.

Ең маңыздысы, жас мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 2025 жылы Жоғары аудиторлық палатаның бастамасымен студенттер мен жас мамандарға нұсқаулық болатын «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік аудит» атты оқулық жарық көрді. Сонымен қатар мемлекеттік аудитор сертификатын алу үшін үміткерлерді оқыту және біліктілік емтихандары шеңберінде осы мамандықты тәмамдағандар «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау» пәні бойынша емтихан тапсырудан босатылады. Ал соңғы екі жылда Университеттің «Мемлекеттік аудит» білім беру бағдарламасының 20-ға жуық түлегі Жоғары аудиторлық палатаның ұжымына қосылды.

«Білімдеріңізді үнемі жетілдіріп, кәсіби біліктіліктеріңізді арттырудан ешқашан жалықпаңыздар. Қай салада еңбек етсеңіздер де, адалдықты және әділдікті басты қағидат етіп ұстаныңыздар», – деп түйіндеді Нұрлан Нұржанов.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/esep/press/news/details/1248892?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді