Алакөл жағалауында полицейлер жоғалған ұялы телефонды ЖИ-бейнебақылау камерасының көмегімен тауып, иесіне қайтарды.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай облысында Шығыс Қазақстан облысынан келген демалушы Алакөл жағалауында тынығып жүрген сәтінде ұялы телефонын жоғалтып алған. Жағажайдағы демалыстың қызығына берілген азаматша бағалы байланыс құралын қай жерде қалдырғанын бірден аңғармай, абыр-сабыр күй кешеді. Уақыт жоғалтпай ол жақын маңдағы полиция пунктіне барып, көмек сұрайды.

Оқиға орнына жедел әрекет еткен ЖҚАЖ инспекторы полиция капитаны Қайса Береке азаматшаны дереу полиция пунктіне жеткізіп, жоғалған затты анықтаудың негізгі құралы – бейнебақылау камераларын тексеру жұмыстары басталады.

Бұл жауапты іске бейнебақылау технигі Балажанов Мадияр да жұмыла кірісіп, камера жазбаларының әр секундын мұқият қарап шығады.
ЖИ-камерасының көмегімен әрбір кадр назардан тыс қалмай, демалушының жүрген бағыты, отырған орындары жүйелі түрде талданады.

Табандылық пен кәсіби ізденістің нәтижесінде бейнебақылау жазбасынан телефонның иесі оны жағажайдағы орындықтардың бірінде қалдырып кеткені анықталады. Көп ұзамай арнайы жасақ қызметкерлері сол аумаққа дереу жетіп, қараусыз қалған ұялы телефонды тауып алады.

Жедел іздестіру жұмыстарының арқасында 30 минут ішінде байланыс құралы заңды иесіне қайтарылды.

Азаматша полиция қызметкерлеріне кәсіби әрі жедел әрекеті үшін алғысын білдіріп, мұндай технология мен тәртіптің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтті.

Полиция департаменті азаматтарды демалыс орындарында жеке заттарына мұқият болуға, бағалы бұйымдарды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Себебі ұсақ көрінген абайсыздықтың өзі күтпеген жағдайларға әкелуі мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1252667?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді