
Антибиотиктер – бактериялық инфекцияларды емдеуге арналған дәрілік заттар. Оларды дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Антибиотиктер вирустық инфекцияларға, соның ішінде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияларға қарсы әсер етпейді. Сондықтан антибиотиктерді өз бетінше қолдану аурудың асқынуына, емнің нәтижесіз болуына және антибиотиктерге төзімді микроорганизмдердің қалыптасуына алып келуі ықтимал.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, рецепті бойынша босатылатын антибиотиктерді дәрігердің рецептісіз өткізуге жол берілмейді. Бұл талап халықтың денсаулығын қорғауға, дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға және антибиотиктерге төзімділіктің таралуының алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, рецептімен босатылатын дәрілік заттарды дәріхананың сауда залында орналастыруға тыйым салынады.
Фармацевтикалық қызмет субъектілері дәрілік заттарды өткізу кезінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Белгіленген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз! Антибиотиктерді тек дәрігердің тағайындауы бойынша және рецепт негізінде қабылдаңыз. Дұрыс ем – тез сауығудың және денсаулықты сақтаудың кепілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-almaty/press/news/details/1252841?lang=ru

Жауап қалдыру