Ақмола облысы бойынша Омбудсменнің өкілі педагогикалық қызметкерлердің конституциялық құқықтарын қорғады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі тарапынан жүргізілген еңбек құқықтарының сақталуына мониторинг барысында Ақмола облысы білім беру ұйымдарының 17 126 педагог қызметкеріне жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу мен сауықтыруға арналған жәрдемақыны уақтылы төлемеу фактісі анықталды. Жалпы берешек сомасы 23 489,0 млн теңгені құрады.
Сонымен бірге, азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген негізгі кепілдіктердің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес әрбір азаматтың еңбек ету жағдайларының қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай болуына, еңбегі үшін кемсітусіз ақы алуға, әлеуметтік қорғауға және демалысқа құқығы бар. Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндері, сондай-ақ ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы кепілдендіріледі.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу демалыс басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей немесе демалыс кестесінен тыс берілген жағдайда ол берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес педагог қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде 56 календарлық күнге созылатын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы және сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу кепілдендіріледі.
Мониторинг нәтижелері бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі тарапынан Ақмола облысы Білім басқармасының басшысына тиісті ұсынымдар енгізілді.
Педагог қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында берешекті толық өтеу бойынша қажетті шаралар қабылданды. Барлық төлемдер толық көлемде жүзеге асырылды.
Сонымен қатар еңбек заңнамасы мен педагог мәртебесі туралы заңнаманың талаптарының сақталуы, оның ішінде еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақыларын уақтылы төлеу мәселелері қатаң бақылауға алынды.
Педагог қызметкерлерге анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат жеткізілді.
Қарау қорытындысы бойынша қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаған лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза шаралары қолданылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-aqmola-oblysy/press/news/details/1252764?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді