
Жиында Абай облысында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру барысы және өңірдегі жастар саясатын іске асыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырханов пен жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Олжас Бейсенбаев баяндады.
Семей қаласында 43 маршрутқа 329 автобус қызмет көрсетеді. Биыл 60 жаңа автобус сатып алынып, оның 45-і жолаушыларға қызмет көрсетуді бастады. Жыл соңына дейін тағы 20 автобус сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар автобус қозғалысын бақылауға арналған арнайы коммуналдық мекеменің құрылуы нәтижесінде маршруттардың жүйелілік көрсеткіші 87 пайызға дейін артқан.
Аймақ басшысы жолаушылар тасымалы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала екенін атап өтті.
Абай облысында мемлекеттік жастар саясаты Президент бекіткен «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» идеологемалары, 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы, 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы және өзге де стратегиялық құжаттар аясында жүзеге асырылуда.
Бүгінде облыста 147 982 жас тұрады. Бұл өңір халқының төрттен бір бөлігін құрайды. Жастармен жұмысты 13 жастар ресурстық орталығы қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-zhanasemey/press/news/details/1250458?lang=ru

Жауап қалдыру