«E-Salyq Business» мобильді қосымшасы жаңартылды: салықтық міндеттемелер – салық органына бармай-ақ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын жаңа Салық кодексіне сәйкес жаңартты. Енді дара кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар барлық негізгі салықтық рәсімдерді қашықтықтан телефон арқылы, кезексіз және артық құжаттарсыз орындай алады.

     Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бәрі қарапайым, ДК ретінде тіркелудің және салықтық есептілікті тапсырудың қажеті жоқ. Әрбір алған кірісі бойынша «E-Salyq Business» қосымшасында чек қалыптастыру жеткілікті.

     Әр айдың қорытындысы бойынша қосымша автоматты түрде кірістер тізілімін қалыптастырып, әлеуметтік төлемдерді есептейді. Төлемдер банктік қосымша арқылы жалпы 4% мөлшерлеме бойынша жүргізіледі (міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – 1%, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (МӘМС) – 1%, әлеуметтік аударымдар (ӘА) – 1%, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) – 1%).

     Дара кәсіпкерлер үшін барлық кезеңдер бір қосымшада. «E-Salyq Business» арқылы:

     – ДК ретінде тіркелуге;

     – арнаулы салық режимін таңдауға;

      – чектерді қалыптастыруға және кірістерді есепке алуға;

      – 910.00-нысан бойынша салықтық декларацияны тапсыруға болады.

       Барлық іс-қимыл – мемлекеттік органдарға бармай-ақ.

      Жаңартудың мақсаты – салықтық міндеттемелерді орындауды оңайлату, қағаз құжат айналымын азайту және мемлекеттік қызметтердің электрондық форматта қолжетімділігін кеңейту.

      Арнаулы салық режимін қолданудың егжей-тегжейлі шарттары – ҚР Салық кодексінің 16-бөлімінде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1250755?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді