
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мобильді құрылғыларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізу ережелерінің өзгергені туралы хабарлайды.
2026 жылғы 19 сәуірден бастап Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының № 34 Шешімімен бекітілген өзгерістер өз күшіне енді. Бұдан былай жеке пайдалану үшін девайстарды әкелетін жеке тұлғалар кедендік құжаттарда олардың бірегей халықаралық идентификаторын тіркеуге міндетті.
Азаматтар нені білуі керек?
Жолаушылар кедендік декларациясын толтыру кезінде ұялы байланыс құрылғыларына қатысты «Тауардың атауы және оның сипаттамасы» деген бағанда IMEI-код міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Бұл талап гаджеттердің келесі санаттарына қолданылады:
- Смартфондар мен ұялы телефондар;
- Ұялы байланыс қолдауы бар планшеттер;
- Жылжымалы байланыс желілерін пайдаланатын және жеке IMEI-коды бар кез келген басқа да құрылғылар.
Бірегей кодты көрсету байланыс және кедендік реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техниканы кейіннен сәйкестендіру және тексеру (верификациялау) үшін қажет.
Тәуекелдер мен жауапкершілік
Кедендік декларациялау кезінде толық емес немесе анық емес мәліметтерді ұсыну ЕАЭО мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жауапкершілік шараларына әкеп соғатынына назар аударамыз.
Шекарада кідірістерді болдырмау үшін азаматтарға әкелінетін гаджеттің IMEI-кодын (ол қорапта, корпуста немесе құрылғының баптауларында көрсетіледі) алдын ала біліп алу және оның жолаушылар кедендік декларациясына дәл енгізілуін қамтамасыз ету ұсынылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/1250736?lang=ru

Жауап қалдыру