Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің жұмысы қорытындылары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Тексерулер

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторлары ағымдағы жылдың есепті кезеңінде 238 тексеру жүргізді, 226 заң бұзушылық анықтады, 113 нұсқама беріп, 7,6 млн. теңге мөлшеріндегі 45 әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолданып, бюджетке оның 5,5 млн. теңгесі өндірді.

Жазатайым жағдай                                              

2026 жылдың 6 айында 17 жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 3 адам қайтыс болып, 14 адам ауыр жарақат алған. Жазатайым оқиғалар негізінен құрылыс (1), өндіріс (3-шыны, қорғасын, пісте май), спорт (1), коммуналдық қызмет (2), қызмет көрсету (7-ирригациялық жұмыстар, жарнама, авто жалға беру, сату, жөндеу жұмыстары), байланыс (1), денсаулық сақтау (1), теміржол (1) салаларында орын алған.

Жалақы берешегі бойынша

Шымкент қаласы бойынша жалпы 5 кәсіпорында 52 жұмыскердің алдында 61,7 млн теңге жалақы берешегі қордаланған. Оның ішінде:

1 кәсіпорында 15 жұмыскер алдында 3,6 млн теңге ағымдағы жалақы берешегі бар              («Дарын-2 мектеп-лицейі Шымкент» ЖШС). Мерзімі өткен жалақы берешектері жоқ.

Мемлекеттік кірістер органдарының құзырында банкроттық рәсім қолданылған 4 кәсіпорында 37 жұмыскерге 58,1 млн теңге («Феб строй» ЖШС 2  жұмыскерге 34,1 млн теңге, «Шымкент Құрылыс» ЖШС 33 жұмыскерге 11,7 млн теңге, «TURAN ENERGO» ЖШС 1 жұмыскерге 3,4 млн теңге, «ПерспективСтрой» ЖШС 1 жұмыскерге 8,9 млн теңге) жалақы берешегі бар.

Аталған берешекті түпкілікті өндіру мақсатында кірістер органдарымен өзара іс-қимыл жасап, ол жұмыстарды апта сайын пысықтап отырмыз.

Жалпы жалақы берешегін жою және оның алдын алу мәселесі жыл басынан бері қалалық үш жақты әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия отырысында 2 рет қаралып, жұмыс берушілерге тиісті ұсынымдар берілді.

Есептік кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан 1680 жұмыскердің бұзылған еңбек құқықтары қалпына келтірілді.

 

Тексеру және бақылау

Бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін бақылау:

1) ұйымдастыру және жүргізу тәртібі Кәсіпкерлік Кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын, алдын алу-профилактикалық сипаттағы профилактикалық бақылау;

2) ұйымдастыру және жүргізу тәртібі Кәсіпкерлік Кодексінде, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда – Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын тексерулер;

3) тергеп-тексеру нысанында жүзеге асырылады.

  1. Профилактикалық бақылау мынадай түрлерге бөлінеді:

1) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау;

2) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау;

3) бақылау мақсатында сатып алу.

  1. Тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) “Рұқсаттар және хабарламалар туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігіне жүргізілетін тексерулер (бұдан әрі – талаптарға сәйкестігін тексеру);

2) жоспардан тыс тексерулер.

 

Мемлекеттік еңбек инспекторы қандай өкілеттіктерге ие?

Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының (әрі қарай – МЕИ) бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) (әрі қарай – жұмыс беруші) бақылау жүргізу кезінде:

1) тексеру жүргізуге қажетті құжаттарды көрсеткен кезде жұмыс берушінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;

2) жұмыс берушілерге тексеру нәтижелері туралы актіге немесе анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға қосу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттардың көшірмелерін алуға, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге;

3) аудио, фото және бейнетүсіруді жүзеге асыруға;

4) тексеру нысанасына жататын техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының, фото- және бейнеаппаратураның жазбаларын пайдалануға;

5) мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға құқығы бар.

Тексеруді жүзеге асыратын МЕИ-ның тексеру нысанасына жатпайтын талаптарды қоюына және өтінумен жүгінуіне тыйым салынады.

МЕИ тексеруді жүргізу кезінде:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жұмыс берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

2) тексеруді Кәсіпкерлік Кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген негізде және тәртіпке қатаң сәйкестікте жүргізуге;

3) тексеруді жүргізу кезеңінде жұмыс берушілердің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;

5) жұмыс берушінің тексеруді жүргізу кезінде қатысуына кедергі келтірмеуге, тексерудің нысанасына жататын мәселелер бойынша түсіндірмелер беруге;

6) тексерудің нысанасына жататын қажетті ақпаратты жұмыс берушіге беруге;

7) жұмыс берушіге – тексеру нәтижелері туралы актіні, бұзушылықтар анықталған жағдайда – анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы олар аяқталған күні табыс етуге;

8) тексеруді жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

 

Қандай жағдайларда жоспардан тыс тексеру жүргізіледі?

Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 5-тармағына сәйкес, бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) (әрі қарай – жұмыс беруші) жоспардан тыс тексеруге мыналар негіз болып табылады:

1) тергеп-тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың жойылуын бақылау;

2) егер жұмыс беруші анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты бір реттен көп ұсынбаса және (немесе) бұзушылықтарды жоймаса, тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;

2-1) жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын бұзушылықтардың жойылуын бақылау;

3) сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер болған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;

4) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша не зиян келтіру қатері туралы прокурордың талаптары;

5) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің, сондай-ақ жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;

5-1) адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірудің не зиян келтіру қатерінің нақты фактілері бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысының тапсырмасы;

5-2) медициналық қызметті жүзеге асыру салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірудің нақты фактілері бойынша олардың жасалған уақыты мен орны көрсетілген сенімді негіздер мен растайтын дәлелдемелер болған кезде масс-медиадағы жарияланымдар мен хабарлар;

6) бақылау мен қадағалау субъектісінің бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы жүгінуіне байланысты қайта тексеру (жедел ден қою шараларын қолданудың құқыққа сыйымсыздығы);

7) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы;

8) салық төлеушінің жолданымдары, “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалған мәліметтер мен мәселелер.

 

Тексеру жүргізу кезінде жұмыс берушінің қандай құқықтары бар?

Жұмыс берушілер тексеруді жүзеге асыру кезінде:

1) тексеруді жүргізу үшін объектіге келген бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарын (әрі қарай – МЕИ) мынадай:

тексеруді жүргізу жиілігі сақталмаған;

тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болған кезде мерзімді ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген, осы Кодексте белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен;

МЕИ сол бір кезең ішінде сол бір мәселе бойынша өзіне бұрын жұмыс берушіге тексеру жүргізілген тексеруді тағайындаған;

тексеруге негіз болған ақпарат пен құжаттар болмаған;

жүгінімдерде көрсетілген уақыт аралығы шеңберінен шығатын кезең үшін тексерулер тағайындалған;

тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тапсырылған;

тексеруді тағайындау туралы бір актіде тексеру жүргізілетін бірнеше жұмыс берушілер көрсетілген;

тексеру мерзімдерін осы Кодексте белгіленген мерзімнен асыра ұзартқан;

Кәсіпкерлік Кодексінің талаптары өрескел бұзылған жағдайларда тексеруге жібермеуге;

2) егер құжаттар мен мәліметтер тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңге жатпайтын болса, оларды ұсынбауға;

3) тексеруді тағайындау туралы актіге, тексерудің нәтижелері туралы актіге, тексерудің қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға, сондай-ақ МЕИ-ның әрекеттеріне шағым жасауға;

4) МЕИ-ның жұмыс берушінің қызметін шектейтін, заңда негізделмеген тыйым салуларын орындамауға;

5) тексеруді жүзеге асыру процесін, тексеру шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірмей, аудио және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге;

6) өзінің мүдделері мен құқықтарын білдіру үшін үшінші тұлғаларды тексеруге қатысу үшін тартуға құқылы.

 

Мемлекеттік еңбек инспекторының нұсқамасы қалай орындалады?

МЕИ тексеру нәтижелері бойынша акт және бұзушылықтар анықталған жағдайларда, оны жою туралы нұсқама жасайды.

Нұсқаманы орындау мерзімі оны орындаудың нақты мүмкіндігіне ықпал ететін мән-жайлар ескеріле отырып, бірақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болып айқындалады.

Нұсқамада көрсетілген бұзушылықтарды жою мерзімі ішінде жұмыс берушілер мемлекеттік еңбек инспекторына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты жұмыс беруші белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, МЕИ екі жұмыс күні ішінде жұмыс берушіге нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты ұсыну қажеттігі туралы сұрау салу жібереді.

МЕИ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуы жөніндегі ақпарат ұсынылмаған немесе бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, осы Кодекстің 144-бабы 5-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеруді тағайындауға құқылы.

Бұл жағдайда жұмыс берушіге МЕИ-ның нұсқамасын орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа жолданады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-enbek-inspekstiaysy/press/news/details/1252434?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді