
Павлодар қаласында Төтенше жағдайлар департаменті Білім басқармасының қолдауымен жыл сайынғы облыстық «Жас құтқарушы» слетін өткізілді.
Сайысқа өңірдің қала және аудандарынан келген 12 команда, 13 пен 17 жас аралығындағы 100-ден астам оқушы қатысты. Қатысушылар құтқарушылардың кедергілер жолағынан өтіп, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сынға түсті, эвакуациялау және шартты өртті сөндіру кезіндегі іс-қимылдарды пысықтады, тіршілік қауіпсіздігі негіздері бойынша білімдерін тексерді. Сонымен қатар, су айдындарында зардап шеккендерге көмек көрсетуге байланысты құтқару кезеңдері ұйымдастырылып, бұл слеттің ең тартымды әрі көрнекі кезеңдерінің біріне айналды.
Слеттің басты мақсаты — жасөспірімдер арасында қауіпсіздік мәдениетін насихаттау, төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және құтқарушы мамандығына қызығушылықты арттыру болып табылады.
Қатысушылардың өнерін Білім басқармасы, мәдениет және спорт саласының өкілдері, Қызыл Ай қоғамы мен азаматтық қорғау органдарының ардагерлерінен құралған құзыретті қазылар алқасы бағалады. Сарапшылар тапсырмаларды орындау жылдамдығымен қатар, іс-қимылдардың дұрыстығына, командалық үйлесімге, тәртіпке және шынайы төтенше жағдайларға барынша жақын жағдайда шешім қабылдау қабілетіне ерекше назар аударды.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Екібастұз қаласының командасы иеленді. Екінші орын Май ауданының командасына бұйырса, үшінші орынды Ертіс ауданының жас құтқарушылары жеңіп алды. Жеңімпаз команда Павлодар облысының намысын республикалық «Жас құтқарушы» слетінде қорғайды.
«Жас құтқарушы» слеті — бұл тек жарыс қана емес, сонымен қатар болашақта адам өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесетін маңызды білім мен тәжірибе алаңы болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-pavlodar/press/news/details/1251293?lang=ru

Жауап қалдыру