
28 мамыр күні Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Хроникадан – болашаққа» атты ағартушылық жобасының оңтүстік өңірдегі қорытынды шарасы Тараз қаласында өтті.
Президент Телерадиокешенінің деректі кино орталығы шығармашылық тобының келуі жергілікті көрермен тарапынан қызу қолдауға ие болды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова өңір тұрғындары атынан шығармашылық ұжымға алғыс білдіріп, көрсетілімдердің маңызына тоқталды.
Көрсетілім барысында ерекше әсер қалдырған туындылардың бірі – «Құлалы аралының адамы» фильмі болды. Фильм жетуі қиын метеостанцияда еңбек ететін Петр Лупенковтың өмірін арқау етеді. Ол өркениеттен алыс жүрсе де, өз ісіне адал кейіпкер ретінде бейнеленген.
Бағдарлама аясында «Aral» фильмі де көрсетілді. Онда Арал теңізімен тағдыры тығыз байланысты балықшы Құнтуған Тұрғынбаевтың өмірі баяндалады. Сонымен қатар, мемлекет қолдауымен Арал теңізін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар да қамтылған.
Ал «Қуатты серіктес» фильмі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған ресми сапарына арналды. Туынды тек ресми кездесулермен шектелмей, технологиялық, энергетикалық және білім беру салаларындағы жаңа жобаларды да кеңінен көрсетеді.
Көрермендердің айтуынша, фильм халықаралық қатынастарды тек ресми форматта емес, мазмұнды әрі динамикалық оқиға ретінде жеткізе білген.
Осылайша, әртүрлі мазмұн мен ырғақтағы фильмдер бір арнаға тоғысып, елдің өткені, бүгіні және болашағы туралы тұтас ой қалыптастырды. Кинолекторий көрермендер үшін тек көрсетілім алаңы ғана емес, ел дамуы мен қоғамдық сана туралы мазмұнды диалог алаңына айналды.
Тараздан кейін көрсетілімдер Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады. Жоба 25 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындыланады.
Көрсетілімдер облыстық әкімдіктердің қолдауымен өңірлік кинотеатрларда өткізіліп, барлық көрермендер үшін тегін ұйымдастырылып жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1252327?lang=ru

Жауап қалдыру