
2026 жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Қабылданған түзетулер «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілді.
Аталған қадам инновациялық авиацияны дамытуға және озық технологияларды ұлттық авиация жүйесіне интеграциялауға арналған заманауи нормативтік-құқықтық базаны ресми түрде қалыптастырады.
Осы шешім арқылы Қазақстан қалалық әуе мобильдігі (Urban Air Mobility – UAM) нарығын құқықтық тұрғыдан реттеп, АҚШ (FAA), Еуропалық одақ (EASA), Оңтүстік Корея және Қытаймен қатар eVTOL (тік ұшып-қонып, электр қуатымен жұмыс істейтін әуе кемелері) саласындағы дамыған нормативтік-құқықтық базасы бар мемлекеттердің қатарына қосылды.
Заңға мынадай 7 негізгі түзету енгізілді:
- «жетілдірілген әуе мобильдігі» (Advanced Air Mobility) ұғымы енгізіліп, оның түрлері – қалалық және өңіраралық әуе мобильдігі айқындалды;
- тік ұшып-қону мүмкіндігі бар электр әуе кемелерін (eVTOL) және жетілдірілген әуе мобильдігіне жатқызылған өзге де әуе кемелерін пайдаланудың құқықтық негізі қалыптастырылды;
- жетілдірілген әуе мобильдігінің инфрақұрылымы ретінде вертипорттардың құқықтық мәртебесі бекітіліп, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері айқындалды;
- авиациялық техниканы әзірлеушілер мен өндірушілерді, қалалық әуе мобильдігі операторларын және азаматтық қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелерді сертификаттаудың жаңа тетіктері енгізілді;
- ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсету жүйесінің (UTM) құқықтық мәртебесі айқындалды. Бұл жүйе ұшқышсыз авиациялық жүйелердің ұшуын цифрлық басқаруды, ақпарат алмасуды, сәйкестендіруді, маршруттауды және әуе кеңістігін пайдалануды үйлестіруді көздейді;
- ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсететін цифрлық инфрақұрылым мен киберқауіпсіздікке қойылатын талаптар белгіленді;
- азаматтық ұшқышсыз авиациялық жүйелерді мемлекеттік реттеу тетіктері жетілдіріліп, оларды тіркеу, пайдалану, сертификаттау және ұшуларды ұйымдастыру мәселелері қамтылды.
Қабылданған заңнамалық өзгерістер инновациялық авиациялық технологияларды тәжірибелік кезеңнен толыққанды құқықтық ортаға көшіруге мүмкіндік береді. Бұл инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге және жоғары технологиялық бизнесті дамытуға ашық әрі айқын жағдай қалыптастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1250564?lang=ru

Жауап қалдыру