
Бүгін Ақжайық ауданында қазақ өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешеваның 75 жас мерейтойына арналған «Қыз Жібек» келді ауылға атты тағылымды кездесу өтті.
Шараға аудан әкімі Мұрат Сердалин, аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар, зиялы қауым және өнерсүйер қауым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Меруерт Қаратайқызы өзінің балалық шағы, өнер жолындағы алғашқы қадамдары, «Қыз Жібек» фильмінің түсірілу тарихы, жары Құман Тастанбековпен бірге өткен ғұмыры мен ұлттық кино өнеріндегі шығармашылық жолы туралы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, қазақ қызының болмысы мен ана өнегесі жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Кеш аясында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Данияр Елеуов «Шегенің ариясын» орындаса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев арнау өлеңін оқыды. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйіне қойылған «Сымбат» би ансамблінің композициясы да көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында сахнаға шыққан өнерпаздар мен қонақтарға Меруерт Өтекешева «Қыз Жібек» фильмінен кадр бейнеленген арнайы ашықхаттарға қолтаңба қойып, естелік ретінде табыстады.
Кездесуде аудан әкімі Мұрат Сердалин құттықтау сөз сөйлеп, Меруерт Өтекешеваның қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті. Сондай-ақ аудан басшысы «Қыз Жібек» фильмінің бірнеше буын ұрпақты адалдыққа, тектілікке, сұлулық пен парасаттылыққа тәрбиелеген туынды екенін айтып, мерейтой иесіне ақжайықтықтардың құрметі ретінде қазақы дәстүрмен ат мінгізді.
Тағылымы мол кездесу ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптеген мазмұнды шараға айналып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-akzhaik/press/news/details/1250542?lang=ru

Жауап қалдыру