
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қолданысқа енгізілуіне арналған аудан активінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жетекшілері, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Актив отырысында жаңа Конституцияның тарихи маңызы, елдің саяси-құқықтық дамуындағы орны және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған реформаларды жүзеге асырудағы негізгі міндеттер жан-жақты талқыланды.
Аудан әкімі өз сөзінде жаңа Конституция – елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершіліктің жаңа деңгейін қалыптастыратын маңызды құжат екенін атап өтті.
Шын мәнінде жаңа Ата Заңның қабылдануы Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадам. Құжатты әзірлеу барысында саяси партиялар, ғалымдар, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтардың ұсыныстары ескеріліп, қоғам сұранысына сай жан-жақты сараланды.
Жаңа Конституцияда алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалып, заң үстемдігі, әділеттілік, қоғамдық келісім, ұлтаралық және дінаралық татулық, табиғатқа жанашырлық, азаматтардың өзара жауапкершілігі сияқты қағидаттар конституциялық деңгейде бекітілді.
Сонымен қатар, Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы өзгермейтін ұлттық құндылықтар ретінде нақты айқындалды. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – Қазақстан халқы екендігі тағы бір мәрте бекітілді және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық тетіктері күшейтілді. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға да бағытталған жаңа құқықтық негіздер қалыптастырылды.
Конституция – тек заңдар жинағы ғана емес. Ол – мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын, ел бірлігі мен тұрақтылығының, қоғамдық келісім мен заң үстемдігінің басты кепілі.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Б.Төрахметов, аудан прокуроры Д.Әбіш Конституция талаптарын іске асыру, құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы негізгі басымдықтарға тоқталса, аудан прокурорының көмекшісі Р.Жанаев қолданысқа енген жаңа Ата Заңның жаңашылдықтары мен маңызы жөнінде баяндама жасады.
Мұнан өзге аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова мен аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы А.Сайлауов сөз сөйлеп, жаңа Конституция талаптарын іске асыру бағытында мемлекеттік саясатты халыққа кеңінен түсіндіру бойынша алдағы міндеттерге тоқталды.
Аудандағы зиялы қауым өкілдері тарапынан медицина саласының ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы А.Асанбаев қолданысқа енген жаңа Конституция жайында өз ойын ортаға салды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты мекемелерге бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның нормаларын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру, Президент айқындаған стратегиялық реформаларды сапалы жүзеге асыру, инвестиция тарту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үй құрылысын дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қоғамда орнықтыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру тапсырылды.
Әрбір азаматтың Ата Заңды құрметтеуі, оның қағидаттарын күнделікті өмірде басшылыққа алуы елдің тұрақты дамуы мен кемел келешегінің маңызды кепілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral/press/news/details/1252738?lang=ru

Жауап қалдыру