
Сарайшық ауданы 2024 жылдың тамызында құрылып, елорданың ең жаңа аудандарының біріне айналып отыр. Аз уақыт ішінде аудан қалалық ортаны кешенді абаттандыру бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ауданның ең ерекше жобаларының бірі – Жұмысшы мамандықтары аллеясы. Заманауи серуендеу аймағында балалар мен спорт алаңдары, демалыс орындары мен арнайы тақырыптағы муралдар салынды.
Сондай-ақ Highvill тұрғын үй кешені маңында ауқымды абаттандыру жүргізілді. Мұнда 13 мың шаршы метрден астам жаяу жүргіншілер жолының жабыны жаңартылып, ұзындығы екі шақырым болатын велосипед жолы салынды.
«Гранд Астана» тұрғын үй кешенінің айналасы да түрленді. Аумағында велосипед инфрақұрылымы жасақталып, тұрғындардың жайлы демалуына арналған кеңістіктер абаттандырылды.
Ал Bravo Family тұрғын үй кешенінің жанындағы шағын саябақ толыққанды отбасылық демалыс орнына айналды. Мұнда балалар мен спорт алаңдары, футбол және баскетбол алаңқайлары салынды.
Ауданда елорданың стратегиялық дамуына ықпал ететін ірі жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Президент саябағы. Қазіргі уақытта мұнда ауқымды қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Саябақ аумағына 70 мың түп бұта мен гүл отырғызылып, 17 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылды. Сонымен қатар орталық субұрқақ қайта жаңартылып, саябақтың жаңа сәулеттік көркіне айналмақ.
Сондай-ақ «Мыңжылдық» аллеясының бірінші кезеңі қарқынды іске асырылуда. Қазірдің өзінде мұнда 400 ағаш отырғызылып, жоспарланған жұмыстың 90 пайыздан астамы орындалды. Жоба аясында бұдан бөлек 13 мыңнан астам бұта, 5 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызылып, шамамен 5 мың шаршы метр көгал төселеді.
Бұдан бөлек, Вокзал маңы саябағын, «Қалалық романс» саябағын және Бейбітшілік пен келісім саябағының екінші кезеңін абаттандыру жұмысы жүріп жатыр.
Ауданның тұрғын алаптарын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, «Интернациональный» тұрғын алабында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Достық тұрғын алабында жеті көшеге тротуарлар салынып, кіреберіс жолдар мен көше жарығы жүргізіліп жатыр. Ал Өнеркәсіптік тұрғын алабында жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын инженерлік желілерді салу бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Көлік инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Негізгі магистральдарға орташа жөндеу жүргізіліп, жол жабыны жаңартылып, жаңа жаяу жүргіншілер өткелдері мен байланыс жолдары салынып жатыр.
Сонымен қатар қоғамдық көлік аялдамалары заман талабына сай жаңғыртылып жатыр. Олар бірыңғай заманауи үлгіде қайта жабдықталып, бейнебақылау жүйелері арқылы қауіпсіздік деңгейі күшейтілуде.
Ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуы да қарқынды. 2025 жылы мұнда 16 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүріп жатыр, сол сияқты әлеуметтік инфрақұрылым кеңейтілді.
2026 жылы Сарайшық ауданын дамыту жұмысы жаңа қарқынмен жалғасады. Жоспарға сәйкес тағы екі қоғамдық кеңістік пен 12 аула абаттандырылып, көше жарығы жүйесі жетілдіріледі және жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады.
Аз уақыттың ішінде Сарайшық бүгінде Астананың ең серпінді дамып келе жатқан аудандарының біріне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1251104?lang=ru

Жауап қалдыру