
Жазғы кезеңде табиғи-ошақты инфекциялардың алдын алуға, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тағамнан уланудың алдын алуға, сондай-ақ туристік аймақтардың, жағажайлар мен балаларды сауықтыру лагерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Комитет санитариялық-эпидемиологиялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында қажетті шараларды қабылдауда.
Маусым басталғалы кене энцефалитінің зертханалық жолмен расталған 24 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмен (26 жағдай). Кене шаққаннан кейін медициналық көмекке 13 мыңнан астам адам жүгінді, олардың жартысына жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Зардап шеккендердің 90%-дан астамына кенеге қарсы иммуноглобулинмен шұғыл профилактика жүргізілді. Эндемиялық өңірлерде кенеге қарсы аумақтарды өңдеу жұмыстары жалғасуда және иммуноглобулиннің қажетті қоры қамтамасыз етілген.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық ахуал бақылауда. Биыл зертханалық жолмен расталған аурудың 22 жағдайы тіркелді. Эндемиялық өңірлерде ауыл шаруашылығы жануарлары мен мал шаруашылығы нысандарын өңдеуді қоса алғанда, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде. Аталған ауруға қарсы арнайы вакцина жоқ болғандықтан, халықты жеке қорғану шаралары туралы ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Жіті ішек инфекциялары бойынша оң динамика байқалады: 2026 жылдың басынан бері сырқаттанушылық деңгейі 12%-ға төмендеді. Сонымен қатар, сырқаттанғандардың 71%-дан астамын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Бұл жеке бас гигиенасы қағидаларын қатаң сақтауды, тағам өнімдерін қауіпсіз дайындау мен сақтауды, сондай-ақ сапалы ауыз суды пайдалануды талап етеді.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша топтық тағамнан улану жағдайлары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есеге азайды.
Туристік маусым кезеңінде курорттық аймақтар мен қоғамдық жағажайлардың санитариялық жағдайына бақылау күшейтілді. Қазіргі уақытта 1,2 мыңнан астам курорттық нысан мен 300-ден астам қоғамдық жағажай тұрақты бақылауда. Анықталған бұзушылықтарды жою және нысандардың санитариялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда 172 маусымдық балаларды сауықтыру орталығы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды, олардың барлығы балаларды қабылдауда. Әрбір лагерь жұмысын бастар алдында санитариялық талаптарға сәйкестігі міндетті түрде бағаланады, оның ішінде судың сапасына зертханалық бақылау жүргізіліп, аумақтың санитариялық жай-күйі тексеріледі.
Комитет азаматтарды профилактика шараларын сақтауға шақырады: кенеден қорғайтын құралдарды пайдалану, жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау, тек қауіпсіз ауыз су мен сапалы тағам өнімдерін тұтыну, санитариялық талаптарға сәйкес келетін демалыс орындарын таңдау, сондай-ақ аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/press/news/details/1250827?lang=ru

Жауап қалдыру