
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелерде, аулаларда және өзге де қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2026 жылғы 15-19 маусым аралығында Ақтөбе облысының аумағында «Ішімдіксіз ауыл» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шара өңірдегі криминогендік жағдайды тұрақтандыруға, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесуге, сондай-ақ тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тексеруде. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерін заңсыз сату, тиісті лицензиясыз сауда жасау деректері анықталып, заңсыз айналымдағы өнімдер тәркіленуде.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе масаң күйде жүру фактілерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз тұтыну деректерін анықтауға ерекше назар аударылып, құқық бұзушыларға қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда.
Профилактикалық жұмыстар аясында алкоголь мен есірткіге тәуелді азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберу мәселелері қарастырылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ алкоголь өнімдерін тұтынудан толық бас тартқан ауылдарды анықтау және олардың оң тәжірибесін насихаттау жұмыстары қолға алынған.
🎙️Полиция департаменті тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Тек қоғам болып жұмылғанда ғана қауіпсіз әрі тәртіпті орта қалыптастыра аламыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-aishuak/press/news/details/1254310?lang=ru

Жауап қалдыру