
Бүгін аудандық орталық кітапханасында Төлеби ауданының мақтанышы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Төлеби ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын, ғалым әрі баспагер Темірғали Көпбаевпен тағылымды рухани кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кеш аясында қаламгердің жаңа туындысы – «Қашқын» кітабының салтанатты тұсаукесері өтті. Дәстүрге сай жаңа кітаптың лентасы қиылып, оқырманға жол тартты.
«Қашқын» – адам тағдыры, тарихи кезеңнің күрделі оқиғалары, туған жерге деген сағыныш, еркіндік пен өмір сынақтары арқау болған көркем шығарма. Туындыда кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі, өмірлік таңдауы мен замана тынысы әсерлі суреттеліп, оқырманды терең ойға жетелейді.
Іс-шараға еліміздің белгілі зиялы қауым өкілдері, әдебиет пен мәдениет саласының көрнекті тұлғалары қатысты. Атап айтқанда, профессор, филология ғылымдарының докторы Бегман Ысқақ, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ақынның жары Сәлима Қалқабаева, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі, журналист Серікқали Жексенбай, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров, «Төлеби туы» газетінің бас редакторы Әбдімәлік Рахманқұлов, «Төлеби таңы» газетінің бас редакторы Дина Хангелді, Төлеби ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің, Ы. Алтынсарин медалінің иегері, Н.К. Крупская атындағы сыйлықтың лауреаты Көшкінбай Елікбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әсілбек Әуесбек, өнер майталманы, әнші Лесбек Бөртекеев жұбайымен, сондай-ақ кітапхананың оқырмандары қатысты.
Кездесу барысында қонақтар Темірғали Көпбаевтың шығармашылық жолына тоқталып, жаңа туындының әдеби маңызы мен тәрбиелік құндылығы жайында ой бөлісіп, авторға жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Тағылымға толы әдеби кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жылы әрі мазмұнды жағдайда өтті.
Темірғали Көпбаевты жаңа туындысының жарыққа шығуымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс, жаңа еңбектер мен оқырман ықыласын тілейміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1255112?lang=kk

Жауап қалдыру