
Алакөл жағалауын таза ұстау жұмыстары күнделікті жүргізілуде
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты төмендегіні хабарлаймыз.
Аталған аумақ 2026 жылғы 5 шілдеде толық тазартылған болатын. Алайда сол түні кейбір демалыс орындары тұрмыстық қалдықтарды заңсыз түрде қайта төккен.
Өкінішке қарай, мұндай жағдай алғаш рет орын алып отырған жоқ. Бұған дейін де бірқатар демалыс орындарының қалдықтарды шығару қағидаларын бұзғаны анықталып, заң аясында тиісті шаралар қабылданған. Алдағы уақытта да қоқысты заңсыз төккен тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
6 шілде күні аталған аумақ қайта тазартылып, барлық тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Қазіргі таңда заңсыз қоқыс төгудің алдын алу және құқық бұзушыларды анықтау мақсатында бейнебақылау камералары орнатылды.
«Алакөл тазалық» коммуналдық кәсіпорнының басшысы көл жағалауының тазалығын сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
Алакөл – еліміздің ең көрікті әрі туристер көп келетін өңірлерінің бірі. Сондықтан аудан әкімдігі кәсіпкерлерді, демалыс орындарының иелерін және тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, Алакөлдің тазалығын бірге сақтауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1255158?lang=ru

Жауап қалдыру