Ақтауда Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік концерт өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақтауда Ұлттық домбыра күні ұлттық өнердің мерейін асқақтатқан ауқымды мерекелік концертпен аталып өтті. Каспий жағалауындағы амфитеатрда өткен салтанатты кеште 500 жас домбырашы бір сахнада өнер көрсетіп, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

 

Мерекелік концерттің басты ерекшелігі – 500 жас домбырашының халыққа кеңінен танымал «Ерке сылқым», «Балбырауын» және «Адай» күйлерін бір мезетте орындауы болды. Домбыраның күмбірлеген үні амфитеатр алаңын ерекше рухқа бөлеп, ұлттық өнердің құдіретін айшықтады.

 

Концертте қазақ күй өнерінің жауһары саналатын Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы да кеңінен насихатталды.

 

Концерттің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рахат Мадреев. Оркестр Түркештің «Көңіл ашар», Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», Өскінбай Қалманбетұлының «Бұл-бұл Ақжелең» секілді таңдаулы күйлерін орындады.

 

Кеш барысында дәстүрлі ән өнері де лайықты деңгейде ұсынылды. Әйгерім Құлжарасова халық әні «Ақ еркені» орындаса, Серіжан Масжанов Ескендір Хасанғалиевтің «Асыл арман» әнін шырқады. Ақмарал Ерімбетова Ақтан Керейұлының «Термесін», ал Сәбит Шектібаев Сыпыра жыраудың «Термесін» орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Аида Байгелова Аман Жангировтың «Қазақ елі» әнін орындап, концерттің мазмұнын байыта түсті.

 

Мерекелік кеште Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов жиналған жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызын атап өтті.

 

– Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ елінде мереке көп болғанымен, солардың ішіндегі ең ұлығы – Ұлттық домбыра күні деп айтуға толық негіз бар. Себебі қазақтың жанын, болмысын, тарихын танытатын – қасиетті қара домбыра. Бүгін Каспий жағасында Мұрат Өскінбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары сіздерге жоғары деңгейдегі концерт ұсынып отыр. Былтыр Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы екенін бүкіл әлемге паш еткен болатын. Қазақтың рухы жасай берсін, әр шаңырақта домбыраның күмбірі ешқашан үзілмесін, – деді Әбілқайыр Байпақов.

 

Өз кезегінде Мұрат Өскінбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының директоры Данияр Сағынғалиұлы концерттің тарихи және рухани маңызына тоқталды.

 

– Биыл күй өнерінің інжу-маржаны саналатын Кетбұғаның “Ақсақ құлан” күйіне 800 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында сахнада бұл шығарма орындалады. Сонымен қатар Құрманғазының мәңгілік мұраға айналған күйлері шырқалады. Қазақ бар жерде домбыраның үні ешқашан өшпейді. Ұлттық домбыра күні – халқымыздың төл өнеріне деген құрметтің айқын көрінісі. Бұл мереке жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген сүйіспеншілігін арттырып, күй өнерінің өміршеңдігін дәріптей береді деп сенеміз, – деді Данияр Сағынғалиұлы.

 

Концерт аясында биыл 80 жылдығы аталып өтіп жатқан Қаршыға Ахмедияровтың «Күй ұран», «Хамаң толғау» және «Алтын Орда» шығармалары оркестр мен домбырашылар ансамблінің орындауында жаңа тыныспен ұсынылды. Сонымен қатар оркестр ұлттық репертуармен ғана шектелмей, Yanni-дің «Santorini» композициясын және Джузеппе Вердидің Елена болеросын орындады. Бұл шығармалар Мөлдір Жайлыбаеваның қатысуымен сахналанып, ұжымның шығармашылық мүмкіндігі мен кәсіби шеберлігін айқындай түсті.

 

Мерекелік концерт Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі «Адай» күйімен қорытындыланып, мыңдаған көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен ұлттық рух сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1254602?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді