
Бангкок, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Корольдігі Қаржы вице-министрі доктор Сантитарн Сатхиратхаймен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ өзара сауда мен инвестицияларды кеңейтуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған шарттық-құқықтық базаны жетілдіру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар және алдағы Парламент сайлауы туралы ақпарат берді.
Елші М.Баймұхан 2026 жылғы 24-26 маусым аралығында Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеоның Қазақстанға жасаған ресми сапары екіжақты қатынастарға тың серпін бергенін атап өтті. Сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесулер өтті. Екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында Іс-қимыл жоспарына қол қойылып, сондай-ақ Қазақстан–Таиланд бизнес-форумы ұйымдастырылды. Аталған форум екі елдің іскер топтарының ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін тағы бір мәрте растады.
Қаржы вице-министрі С.Сатхиратхаймен кездесу барысында Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімді және Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ілгерілету мәселелеріне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қаржы-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растады, сондай-ақ Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеоның Қазақстанға жуырдағы ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Анықтама үшін: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы екіжақты тауар айналымы 255,1 млн АҚШ долларын құрады (+7,8%). Қазақстан Таиландтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі болып табылады. Инвестициялар, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, цифрлық экономика мен туризм салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін елеулі әлеует сақталуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1254933?lang=ru

Жауап қалдыру