
05 шілде күні Қапал ауылдық округінің саябағында елдік рухты асқақтататын ерекше әрі тағылымы мол іс-шара өтті. Ғали Орманов атындағы орта мектептің 2006 жылғы түлектері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын орнатуға арналған тұғырды және ескерткіш белгісін сыйға тартып, көк Туымызды салтанатты түрде көтерді.
Мемлекеттік Ту – Тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің, бейбіт өміріміз бен жарқын болашағымыздың қасиетті нышаны. Енді ол Қапал саябағында асқақ желбіреп, туған жерін сүйетін әрбір жанға елге деген мақтаныш сезімін ұялатып, ұрпақ санасына отансүйгіштік рухын сіңіре бермек.
Бұл игі бастаманың мектеп түлектерінің қолдауымен жүзеге асуы – ерекше қуаныш. Арада жылдар өтсе де, туған ауылына деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті жоғары қойған түлектер туған жеріне тағылымды тарту жасап, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетті. Осындай ізгі істер елдің бірлігін нығайтып, туған өлкенің гүлденуіне деген ортақ жауапкершілікті арттыра түседі.
Ғали Орманов атындағы орта мектептің 2006 жылғы түлектеріне Қапал ауылдық округіне жасаған осы құнды сыйы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Көк байрағымыз әрдайым бейбіт аспан астында асқақ желбіреп, халқымыздың ынтымағы мен берекесінің, еліміздің өсіп-өркендеуінің мәңгілік белгісі болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu-qapal/press/news/details/1254481?lang=ru

Жауап қалдыру