Гвардейск гарнизонында үздік мергендер анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Гвардейск гарнизонының 21450 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің XXIII спартакиадасы аясында АК-3 автоматы мен ПМ-3 тапаншасынан атудан чемпионат өтті.
Армия орталық спорт клубы ұйымдастырған бұл сайыс Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына орай өткізілді.
Чемпионатқа Қарулы күштердің түрлері, тектерінен және әскери бөлімдерден жасақталған 14 команданың сапында 100-ден аса әскери қызметші қатысты. Қатысушылар атыс дайындығының жоғары деңгейін, мергендіктерін және кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Жарыстың бас төрешісі, Армия орталық спорт клубы бастығының орынбасары подполковник Мирхат Химиденов айтқандай, штаттық қарудан атыс чемпионаты Қарулы күштердің игі дәстүріне айналған. Мұндай жарыстар әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге, мергендік шеберлігін арттыруға және команданың іс-әрекетін нығайтуға ықпал етеді.
Сайыс қорытындысына келсек, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Әуе қорғанысы күштерінің командасы олжалады. Екінші орынды 32039 әскери бөлімінің командасы, үшінші орынды Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері еншіледі.
Әйелдер арасында сержант Аяжан Әміржанова төртінші рет чемпион атанды.
– Десанттық-шабуылдау әскерлерінің намысын қайта қорғап, Қарулы күштердің чемпионы атану – мен үшін үлкен мәртебе. Осындай жарыстар шеберлігімізді ұдайы жетілдіруге және армияның үздік мергендерімен тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді, – деді әскери қызметші.
Чемпионат қорытындысына қарай халықаралық әскери жарыстарда ел намысын қорғайтын Қарулы күштердің құрама командасы жасақталатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1254614?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді