КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
 
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың қатысуымен, қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері және тиісті сала басшылары қатысты. Жиында жер телімдерін тиімді игеру мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы А. Баубеков игерілмей жатқан жер телімдері мен кәсіпкерлік мақсатта берілген жер телімдеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері жөнінде баяндады. Зерделенген жер учаскелерінің басым бөлігі игерілген, сонымен қатар ұзақ уақыттан бері бос жатқан жер телімдері де анықталғаны, ол бойынша түгендеу жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығына қатысты болды. Кәсіпкерлік бөлімінің мәліметіне сәйкес, қалада әлеуметтік дүкендер тұрақты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ жекелеген кәсіпкерлермен және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен жобалар аясында әлеуметтік бұрыштар ашылып, тұрақтандыру қорының өнімдері тұрғындарға ұсынылуда.
Әлеуметтік дүкендер арқылы бірінші сұрыпты ұн, нан, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, сүт өнімдері мен жұмыртқа сияқты негізгі тауарлар нарықтағы бағаға қарағанда төмен бағамен сатылып отыр.
Аталған өнімдерді жеткізуге өңірдегі бірқатар өндіріс орындары мен тасымалдаушы ұйымдар тартылған. Бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ қала аумағындағы сауда орындарында бағаға тұрақты мониторинг жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің сақталуы қатаң бақылауда екені айтылды.
Жиын соңында қала әкімі көтерілген барлық мәселелер тұрақты бақылауда болатынын атап өтіп, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. Әсіресе бос жатқан жер телімдерін заң талаптарына сәйкес қайта қарап, оларды экономикалық айналымға енгізу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1255363?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді