Маңғыстау облысында 6 мыңнан астам волонтер әлеуметтік және білім беру бағытындағы бастамаларға үлес қосып келеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл бастама елімізде волонтерлер қозғалысының дамуына тың серпін берді. 2026 жылдың басынан бері Маңғыстау облысында халыққа қолдау көрсетуге, қоғамдық белсенділікті арттыруға және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған 300-ден астам іс-шара өткізілді.

Бүгінде өңірде 6 мыңға жуық волонтер 6 волонтерлер ұйымы мен 10 волонтерлер тобының құрамында қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Олар қайырымдылық, экология, білім беру және әлеуметтік бағыттағы жобаларға қатысып, қоғамның түрлі санаттағы азаматтарына қолдау көрсетеді.

Өңірде қолға алынған игі жобалардың бірі – «Батыл бол». Жоба аясында волонтерлер өңір тұрғындарына қазақ тілін тегін үйретеді. Сабақ барысында тіл үйретумен қатар, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше мән беріледі. Қазіргі таңда курсқа 80-ге жуық адам қатысып жүр.

Жастардың белсенді қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалардың бірі – «Jas Media». Жоба жастардың медиасауатын арттырып, цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған. Қатысушылар фото және бейнетүсірілім, SMM, графикалық дизайн, мобилография және әлеуметтік желілерге арналған контент әзірлеу бағыттары бойынша білім алады.

«Мейірім мекені» қайырымдылық акциясы да өңірдегі маңызды бастамалардың бірі саналады. Оның аясында волонтерлер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсетеді. Еріктілер азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды жеткізіп, қоғамдық белсенділіктің нығаюына атсалысып келеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1254944?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді