
23 маусым күні аудандық Мәдениет үйінде Мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл мереке мемлекеттік органдардың қызметкерлерін, құқық қорғау саласының өкілдерін, сала ардагерлерін, мекеме мен ұйым басшыларын бір арнаға тоғыстырып, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, елдің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтарға деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекелері еліміздің атаулы күндерінің қатарында ерекше орын алады. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, заңдылықтың сақталуы, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың әл-ауқаты көбіне осы сала мамандарының жауапкершілігіне, кәсіби біліктілігі мен адалдығына байланысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілер мен ішкі істер органдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде мемлекеттік қызметтің жай ғана мамандық емес, жоғары кәсібилікті, адалдықты, терең білім мен жауапкершілікті талап ететін аса маңызды әрі құрметті миссия екенін атап өтті.
– Мемлекеттік қызметші – мемлекет мүддесін білдіруге, мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етуге және елдің дамуына үлес қосуға сенім артылған тұлға. Бүгінде мемлекеттік қызметшілерден заманауи ойлау қабілеті, бастамашылдық, ашықтық және халықпен тиімді өзара іс-қимыл талап етіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметтің мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудағы, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартудағы және Әділетті Қазақстанды құрудағы ерекше рөлін бірнеше рет атап өтті, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар Рүстем Мұқашұлы мемлекеттік қызметшілердің адал еңбегінің арқасында мемлекеттік бағдарламалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын, елді мекендердің инфрақұрылымы дамып, әлеуметтік маңызы бар мәселелер шешіліп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығайып отырғанын ерекше атап өтті.
Ішкі істер органдары қызметкерлеріне де ерекше алғыс айтылды. Олар күн сайын заңдылық пен қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында аянбай еңбек етіп келеді.
– Қазақстан полициясы күні – батылдық пен жауапкершілікті, кәсіби шеберлік пен қызметтік борышқа адалдықты ту еткен жандардың мерекесі. Сіздер күн сайын азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етесіздер. Елдегі тыныштық пен қоғамдық тәртіптің сақталуына қосып отырған үлестеріңіз зор, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын ел игілігі жолындағы қызметке арнаған аға буын өкілдерінің тәжірибесі мен өнегелі жолы жас мамандар үшін әрдайым үлгі болып қала береді.
Іс-шараның маңызды бөлігі саланың үздік өкілдерін марапаттау рәсімі болды.
Мемлекеттік қызметші күніне орай қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының бас маманы – бас қазынашысы Ә.Ф. Исина және аудандық білім бөлімінің жалпыға бірдей оқыту жөніндегі бас маманы С.Қ. Закарина марапатталды.
Қазақстан полициясы күніне орай қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және ауданның дамуына қосқан үлесі үшін аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полиция-конвойшысы А.А. Кисабаев аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мемлекеттік қызметші күніне байланысты мемлекеттік қызмет саласындағы жоғары кәсібилігі, жауапкершілігі және ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен Үлкенқараой ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы А.Н. Тоқмағанбетова, экономика және қаржы бөлімінің бюджетті жоспарлау, орындау және есепке алу секторының меңгерушіс А.С. Нұрғалиева және Айсары ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы А.А. Сералиева марапатталды.
Қазақстан полициясы күніне орай қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңдылықты нығайту жолындағы адал қызметі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полиция-конвойшысы А.М. Оразалы және қару-жарақ қоймасының меңгерушісі Ө.С. Тоқтар марапатталды.
Бұл күні марапат иелеріне көптеген жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылды. Олардың әрқайсысы ауданның дамуына, мемлекеттік институттардың нығаюына, қоғамдық тұрақтылықтың сақталуына және тұрғындардың өмір сапасының артуына өзіндік үлес қосып келеді.
Салтанатты шара аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері мен өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Көрермендер назарына патриоттық және лирикалық әндер, күмбірлеген күйлер мен әсерлі музыкалық шығармалар ұсынылды. Өнерпаздардың жарқын өнері мереке иелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шараның сәнін келтірді.
Осындай іс-шаралардың өткізілуі ауданның қоғамдық өмірінде маңызды орын алады. Бұл – мемлекет мүддесі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет пен ризашылықтың айқын белгісі.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің алдында жаңа міндеттер тұр. Олар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.
Бұл міндеттерді табысты жүзеге асыру жоғары кәсібилікті, бастамашылдықты, жауапкершілікті және халыққа адал қызмет етуді талап етеді.
Салтанатты іс-шара мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің еңбегі қоғам тарапынан әрдайым жоғары бағаланатынын тағы бір мәрте көрсетті. Олардың кәсібилігі, жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығы ауданның да, тұтас еліміздің де тұрақты дамуының берік негізі болып табылады.
Мереке соңында барлық қатысушыларға зор денсаулық, отбасылық амандық, кәсіби табыс, жаңа жетістіктер мен туған өлкенің және тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі жолындағы толайым табыстар тілінді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-akzhar/press/news/details/1254340?lang=ru

Жауап қалдыру