
Құрметті жерлестер!
Бородулиха ауданы әкімінің міндетін атқарушысы Мұратов Талғат Батырұлының Новопокровка ауылдық округінде өткен есептік кездесуіне Бородулиха аудандық мәслихатының төрағасы Урашева Сәуле Тұрсынқызы қатысты.
Кездесу алдында округтегі абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары таныстырылды. Өткен аптада ауылдық округтерге берілген пирамидалық терек көшеттерінің отырғызылу барысы қаралды.
Сонымен қатар «Лина Агро» ЖШС қаржысы есебінен демалыс саябағында атқарылған жұмыстар туралы айтылды. Атап айтқанда, балалар алаңы, беседкалар мен орындықтар орнатылып, жаңа қоршау салынған. Бұл жұмыстар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен ауылды дамытуға қосқан үлесінің бір көрінісі ретінде аталып өтті.
Бұдан бөлек, жылыжайлар мен тірек пунктінің жұмысы таныстырылды.
Тұрғындармен кездесу барысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Тазалық мәдениетін қалыптастыруда тұрғындардың белсенді қатысуының маңызы айтылды.
Округ әкімінің есебінде абаттандыру комиссиясының құрылғаны, көшелер бойынша рейдтер мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны баяндалды. Берілген 13 ескертудің 11-і орындалып, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда.
Кездесу барысында тұрғындар Новопокровка ауылындағы көпқабатты үйлердің су мәселесін, сондай-ақ ресми тіркелмеген такси қызметінің қымбаттығын көтерді. Жеке тасымал мәселесіне қатысты мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл қызметпен айналысу үшін міндетті түрде жеке кәсіпкер болу қажет емес екенін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелуге болатынын айтты.
Сонымен қатар жаңа ауылдық клубты іске қосу мәселесі де талқыланды. Ғимараттың құрылысы аяқталып, қазіргі таңда сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Алдағы екі ай ішінде нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мұндай кездесулер халықпен ашық диалог орнатып, жергілікті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/borodulihamaslikhat/press/news/details/1253391?lang=ru

Жауап қалдыру