Тау дайындығы орталығында журналистер экстремалды жағдайда әрекет етуге машықтанды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және коммуникациялар департаменті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерге «Әскери дискурс – 2026» оқу-тәжірибелік семинарын ұйымдастырды.
Бірнеше күн бойы журналистер редакциядағы қалыпты жұмысынан қол үзіп, әскери ортаға бейімделді. Олар Тау дайындығы орталығының казармасына орналастырылып, әскери тәртіппен өмір сүрді. Таң сәріден ерте оянған БАҚ өкілдері сапқа тұрып, күнделікті әскери өмірдің күн тәртібіне машықтанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қарқынды дайындықтан өту – семинар бағдарламасының негізгі бөлігі болды. Ал қойын дәптер мен камераның орнын дулыға мен сауытты кеудеше басты.
Бағдарлама теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды. Практикалық жаттығулар барысында қатысушылар түрлі экстремалды жағдайларда әрекет етуге машықтанды. Соның бірі – тұтқынға түсу барысында әрекет ету іс-қимылдары болды. Журналистердің бастарына қап кигізіліп, көздері байланып, белгісіз бағытқа әкетілді. Бұл тапсырма олардың күйзеліс жағдайында өзін қалай ұстау керектігін сезінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар қатысушылар шартты миналанған аумақтан өту, топ құрамында қауіпсіз қозғалу және төтенше жағдайда өзара іс-қимыл жасау тәсілдерін меңгерді. Мұндай практикалық жаттығулар журналистердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Алғашқы медициналық көмек көрсету сабақтарында олар зардап шеккендерді қауіпсіз эвакуациялау, қан кетуді тоқтату және жеке медициналық қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалануды да үйренді.
Семинарды қорытындылау барысында Қорғаныс министрінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Әйгерім Ағылтаева мұндай дайындық журналистердің экстремалды жағдайда сенімді әрекет етіп, жеке қауіпсіздігін сақтауға және кәсіби міндеттерін тиімді орындауға көмектесетінін атап өтті.
– Қорғаныс министрлігі үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық әрі кәсіби диалог орнату өте маңызды. Сіздер Қарулы күштер мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, халыққа шынайы әрі объективті ақпарат жеткізіп келесіздер. Семинар барысында жинақтаған білім мен тәжірибені шынайы қолданатын жағдай болмасын деп тілеймін. Біздің міндетіміз – қандайда бір жағдай немесе төтенше кезең болмасын, БАҚ өкілдерін жан-жақты әрекет етуге үйрету, – деді ол.
Paryz.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Рауан Исқалиев ұйымдастырушыларға кәсіби деңгейде өткізілген семинар үшін алғыс айтты.
– Барлық қатысушылардың атынан Қорғаныс министрлігіне және Тау дайындығы орталығының нұсқаушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы үш күнде біз өзімізді бұрын-соңды болмаған жағдайда сынап көрдік. Тұтқынға түсу көрінісі, жауап алу, психологиялық және күш-қуат тұрғысынан төзімділікті сынау, сондай-ақ құтқару операциясының сценарийі өте әсерлі әрі шынайы ұйымдастырылды. Кейбір сәттерде оқу-жаттығу мен шынайы жағдайдың арасындағы айырмашылық мүлде сезілмей қалды. Журналистер үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Еліміздің қорғанысы әр уақыт мықты болсын, – деді ол.
Оқу-тәжірибелік семинар соңында қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1252996?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді