
Ветеринария саласы – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, халық денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда шешуші рөл атқаратын стратегиялық маңызды сала.
Малдың амандығы – елдің әл-ауқатының кепілі. Сондықтан ветеринар мамандарының күнделікті еңбегі мемлекет қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Биыл елімізде Ветеринариялық қызметкер күні үшінші рет кең көлемде аталып өтеді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы №258 бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес 10 шілде ресми түрде Ветеринариялық қызметкер күні болып белгіленді. Бұл – сала мамандарының еңбегіне мемлекет тарапынан берілген жоғары баға.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларында ветеринария саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту, цифрландыруды дамыту және мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Соның нәтижесінде соңғы жылдары саланы қаржыландыру көлемі артып, қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсуде.
Жүйелі жұмыс – тұрақты нәтиже
Жамбыл облысында ветеринариялық іс-шараларды облыс әкімінің 2023 жылғы 31 қазандағы №213 қаулысымен құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы облыстық ветеринариялық станция жүзеге асырады.
Бүгінде мекемеде 997 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 459 жоғары білімді ветеринариялық дәрігер, 423 арнайы орта білімді маман және шаруашылықты қамтамасыз ететін қызметкерлер бар. Олар облыстың барлық елді мекендерінде тәулік бойы халыққа сапалы ветеринариялық қызмет көрсетуде.
Мамандардың негізгі міндеті – жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және халықтың санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта республикалық жоспарға сәйкес профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар толық көлемде орындалуда.
Аурудың алдын алу – басты міндет
Биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы көктемгі екі кезеңдік залалсыздандыру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Эндемиялық аймаққа енгізілген 42 елді мекенде 5,5 миллион шаршы метрден астам қора-жай, 142 мың шаршы метр буферлік аймақ өңделіп, 472 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануары залалсыздандырылды.
Бұл жұмыстар қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуде ерекше маңызға ие.
Цифрландыру – уақыт талабы
Ветеринария саласындағы маңызды бағыттардың бірі – жануарларды бірдейлендіру және ветеринариялық есепті жетілдіру.
2026 жылы облыс бойынша 1 миллион 327 мың 694 бас төлді бірдейлендіру жоспары бекітілсе, бүгінгі күні оның 1 миллион 68 мың 393 басы республикалық ақпараттық жүйеге енгізілді.
Қазіргі таңда республикалық дерекқорда Жамбыл облысы бойынша 4 миллион 662 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануары тіркелген. Бұл эпизоотиялық ахуалды нақты бақылауға және ветеринариялық жұмыстарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ветеринария басқармасы мен облыстық ветеринариялық станция мемлекеттік қызметтердің барлығын электронды форматта көрсетіп келеді. Лицензиялар «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы рәсімделіп, кәсіпкерлер үшін ашық әрі қолжетімді қызмет көрсету тетігі қалыптастырылған.
Инфрақұрылым жаңарып келеді
Соңғы жылдары облыста ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Қазіргі уақытта облыста 160 ветеринариялық пункт халыққа қызмет көрсетеді. Оның 85-і жаңа немесе бейімделген ғимараттарға орналастырылған.
2024 жылы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында облыстағы алғашқы типтік ветеринариялық пункт пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл тәжірибе барлық аудандарға кезең-кезеңімен енгізілуде.
2025–2026 жылдары барлығы 65 типтік ветеринариялық пункт салу жоспарланған. Оның 25-і пайдалануға беріліп, қалғандарының құрылысы қарқынды жалғасуда.
Материалдық базаны нығайту мақсатында облыстық бюджет есебінен 100 қызметтік автокөлік, 160 арнайы термочемодан сатып алынды. Сонымен бірге барлық ветеринар мамандары арнайы жұмыс киімдерімен толық қамтамасыз етілді.
Кәсіби біліктілік – басты талап
Биыл алғаш рет ауылдық ветеринариялық пункттердің 861 маманы «Патогенділіктің I және II топтарындағы инфекциялардың биоқауіпсіздігі» бағдарламасы бойынша арнайы даярлықтан өтіп, халықаралық талаптарға сәйкес сертификат алды.
Бұл олардың кәсіби даярлығын күшейтіп, аса қауіпті ауруларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырды.
Саланы дамытуға жаңа серпін
Ветеринария мамандарының әлеуметтік мәртебесін көтеру бағытында да маңызды жұмыстар қолға алынуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген Қазақстан Республикасында ветеринарияны дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында ветеринария қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 1,5 еседен 2,5 есеге дейін арттыру, материалдық-техникалық базаны 80 пайызға дейін жаңарту және әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту көзделген.
Сонымен қатар жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алуға жеңілдетілген несиеге қол жеткізуде. Соңғы үш жылда облыста 30 жас ветеринар маман көтерме жәрдемақы алып, 4 маман тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие рәсімдеген.
Мереке – мәртебенің белгісі
Биыл 11 шілде күні Тараз қаласындағы «Tal Besik» этно-орталығында Ветеринариялық қызметкер күніне арналған облыстық салтанатты іс-шара ұйымдастырылмақ. Онда сала ардагерлері мен үздік мамандар марапатталып, мерекелік концерт, спорттық жарыстар және мәдени-көпшілік шаралар өтеді.
Ветеринария – көзге көп көріне бермейтін, бірақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін, экспорттық әлеуетін және халық денсаулығын қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Сондықтан ветеринар мамандарының адал еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Кәсіби мереке қарсаңында ветеринария саласының барлық ардагерлері мен қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толайым табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілейміз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-veterinaria/press/news/details/1255014?lang=ru

Жауап қалдыру