
Маңғыстау облысы Полиция департаментінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы талқыланған жедел кеңес өтті.
Іс-шараға Полиция департаментінің басшылығы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, аумақтық полиция бөлімшелерінің басшылары, қылмыстық-атқару жүйесі, пробация қызметі, мемлекеттік органдар мен әскери құрылымдардың өкілдері қатысты.
Есепті кезең қорытындысы бойынша ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттарында оң көрсеткіштер байқалды. Тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 4%-ға төмендеді. Орташа ауырлықтағы қылмыстар 20,9%-ға, ауырлығы төмен қылмыстар 7,8%-ға азайды. Сонымен қатар ұрлық, алаяқтық және тонау фактілерінің төмендеуі байқалды.
Қылмыстарды ашу көрсеткіштері де жақсарды. Атап айтқанда, алаяқтық қылмыстардың ашылуы 76,2%-ды, интернет-алаяқтық бойынша 58,5%-ды, ұялы телефон ұрлығы бойынша 94,7%-ды құрады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар тиімді қолданылуда. Бейнебақылау камераларының көмегімен 188 қылмыс ашылды. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашуға ерекше назар аударылып, алты ай ішінде осы санаттағы 83 қылмыс анықталды.
Заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Есепті кезеңде 231 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның 71-і қылмыс санатына, 160-ы қылмыстық теріс қылықтарға жатады. Заңсыз айналымнан синтетикалық есірткілерді қоса алғанда, 127 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Алдын алу шаралары аясында 374 іс-шара өткізіліп, оған 17 мыңнан астам жас және қоғам өкілдері қатысты. 57 рейд барысында есірткіні насихаттайтын 160 граффити жойылып, тыйым салынған мазмұн таратқан 670 интернет-ресурс бұғатталды.
Тергеу бөлімшелері сотқа 911 қылмыстық істі жолдады. Тергеу барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу фактілеріне жол берілген жоқ.
Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 9,1%-ға, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар 4,8%-ға төмендеді.
Кеңес қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшылығы жеке құрамға оң динамиканы сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде нақты міндеттер қойды.
Сонымен қатар жазғы кезеңдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Аумақтық бөлімшелердің басшыларына балалардың қауіпсіздігін, әсіресе демалыс орындарында, көшелерде және мектеп каникулы кезеңінде бақылауды күшейту, тұрғындар мен өңірге келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық шараларды күшейту тапсырылды.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және бөлімшелер қызметінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Негізгі міндет – облыс тұрғындары мен қонақтарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1257429?lang=ru

Жауап қалдыру