
ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ, ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мен инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Мәжілістің күн тәртібінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Олжас Қаныбеков баяндама жасап, атқарылып жатқан шараларға тоқталды, азаматтардың әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, инклюзивті орта қалыптастыру және тиісті нысандардың қолжетімділігін арттыру бойынша қолға алынған жұмыстарды таныстырды.
Сондай-ақ, аудан аумағындағы заңсыз жолаушылар тасымалының алдын алу, автотұрақтардың жай-күйі мен жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков баяндады. Мәжіліс барысында көлік қатынасы саласындағы тәртіпті күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автотұрақтардың жұмысын жүйелеу мәселелеріне басымдық берілді.
Аппарат мәжілісінде бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ұсынылатын жобалардың іске асырылу барысы, өндірістік парк аумағын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар сараланып, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарын күшейту, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы міндеттер пысықталды.
Жиында аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері де қаралып, өзекті мәселелер назарға алынды. Бұдан бөлек, аудандағы әскерге шақыру науқанының орындалуы, сондай-ақ, D және E санаттары бойынша электрондық еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы жарналарына қатысты сәйкессіздіктерді жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды. Жауапты мекемелерге жоспарлы көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов күн тәртібінде көтерілген барлық мәселенің аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мен өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ, жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына белгіленген міндеттерді сапалы әрі мерзімінде орындауды, әр бағыт бойынша жұмысты күшейтуді және нәтижеге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1255504?lang=ru

Жауап қалдыру