Бір зауыт – бір серпіліс: Астанадағы жаңа өндіріс ел медицинасын қалай өзгертеді?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мұнда медициналық мақсаттағы пластикалық бұйымдар мен донорлық ағзаларды сақтауға арналған бірегей аппарат өндіріледі

Қазақстанда өнеркәсіпті дамыту жаңа зауыттар салумен ғана өлшенбейді. Бүгінде ғылымды өндіріске енгізіп, жоғары технологиялы өнім шығару, импортқа тәуелділікті азайту және өңдеу секторын күшейту басты мәселе, деп хабарлайды Qaz365.kz

Астанада жақында ғана іске қосылған Heart Center Foundation зауыты – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Мұнда медициналық мақсаттағы пластикалық бұйымдармен қатар, донорлық ағзаларды сақтауға арналған бірегей аппарат та өндіріледі.  Жоба денсаулық сақтау саласы үшін ғана емес, жаңа өнеркәсіптік саясаттың нақты нәтижесі ретінде де назар аудартады.

Ғылымнан өндіріске дейінгі жол

Соңғы жылдары Қазақстан экономикасында өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріліп келеді. Себебі шикізатқа ғана сүйенетін экономиканың мүмкіндігі шектеулі. Ал жоғары технологиялы өндірістер жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осы тұрғыдан алғанда, Астанадағы №1 Индустриялық парк аумағында іске қосылған Heart Center Foundation зауыты – индустриялық-инновациялық дамудың жарқын мысалы. Мұнда ғылыми зерттеулер өндірістік өнімге айналып, қазақстандық мамандардың әзірлемелері медицинаның игілігіне қызмет етпек.

«Инвестиция көлемі шамамен 4,2 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын 2026 жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Қазір өндірістің соңғы кезеңі аяқталды. Міне, шілде айында барлық желі іске қосылып, зауыт толық жобалық қуатына шықты» дейді зауыт директоры Мұрат Зауыров. 

Оның айтуынша, басты мақсат бұрын шетелден әкелінетін медициналық бұйымдарды енді Қазақстанда шығару. Бұл медицина саласының сыртқы нарыққа тәуелділігін азайтып, отандық өндірістің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда жасалған технология

Зауыттың ең маңызды жобасы – ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) аппараты. Бұл – қазақстандық инженерлер мен дәрігерлер әзірлеген инновациялық жүйе. Оның көмегімен донорлық ағзаларды сақтау, қалпына келтіру және тасымалдау жүзеге асырылады. Бәрімізге белгілі, қазір трансплантация кезінде ең үлкен мәселенің бірі – уақыт. Донорлық ағзаның сақталу мерзімі шектеулі болғандықтан, операцияны қысқа уақыт ішінде жасау қажет. Ал ALEM технологиясы бұл мерзімді бірнеше сағаттан бір тәулікке дейін, қажет болған жағдайда одан да ұзартуға мүмкіндік береді. Осылайша, трансплантология саласының мүмкіндігін кеңейтіп, донорлық ағзаларды шалғай өңірлерден де қауіпсіз жеткізуге жағдай жасайды.

COVID-тен кейін туған шешім

UMC қорының басқарма төрағасы Юрий Пяның «Пандемия Қазақстан үшін маңызды сабақ болды» дегені есімізде.  Өйткені, кардиология мен кардиохирургияда қолданылатын көптеген медициналық шығын материалдары шетелден жеткізіледі. COVID кезінде логистикалық қиындықтар бұл тәуелділіктің қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. 

Сондықтан UMC мамандары медициналық бұйымдарды өз елімізде өндіруді қолға алған. Соның ішінде донорлық ағзаларды сақтауға арналған аппаратты әзірлеу де осы қажеттіліктен туған. Қазіргі уақытта  құрылғының прототипі дайын. Жыл соңына дейін алғашқы өндірістік үлгісі шығарылады деп жоспарланып отыр.

Өндіріс қана емес, жаңа жұмыс орындары

Heart Center Foundation зауыты – Астанада биыл іске асырылып жатқан индустриялық жобалардың бірі. Кәсіпорынға 4,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 54 жаңа жұмыс орны ашылды.

Зауыт толық қуатына шыққан кезде жыл сайын 12 миллионға жуық медициналық бұйым, атап айтқанда   6 миллион биоматериал алуға арналған контейнер,  45 мың дренаждық құрылғы және 15–20 ALEM аппараты шығарылады. 

Сондай-ақ өндірісте Атыраудағы KPI зауытында өндірілетін полимер шикізатын пайдалану жоспарланған. Бұл өнімнің жергілікті үлесін арттырып, мұнай-химия мен медицина өнеркәсібі арасындағы өндірістік байланысты нығайтады. Жалпы, елордада биыл 26 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған. Оның сегізі қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Бұл өңдеу өнеркәсібінің қарқыны артып келе жатқанын көрсетеді.

Өткен айда Премьер-министр Олжас Бектенов дәл осы зауытты аралау барысында ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің маңызын ерекше атап өткені белгілі.  Оның айтуынша, Қазақстанда халықтың өмір сүру ұзақтығы бүгінде 76 жасқа жақындады. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру үшін заманауи медициналық технологиялардың қолжетімді болуы аса маңызды.

Heart Center Foundation  дәл осындай мақсатқа жұмыс істейтін кәсіпорын. Мұнда ғылыми идея зертхана қабырғасында қалып қоймай, нақты өнімге айналады. Өнім кейін ауруханаларға жетіп, дәрігерлердің жұмысына көмектеседі, ең бастысы  адамдардың өмірін сақтауға қызмет етеді.

Ертеңге салынған инвестиция

Бүгінде әлем елдері технологиялық тәуелсіздікке ұмтылып жатыр. Heart Center Foundation зауыты осы саясаттың нақты көрінісі. Бұл кәсіпорын – медициналық бұйымдар шығаратын жаңа өндіріс қана емес, ғылым мен өндірісті тоғыстырған, импортты алмастыратын және қазақстандық технологиялардың әлеуетін көрсететін маңызды жоба.

Ең бастысы, мұнда өндірілетін өнімнің құндылығы шығарылған дана санымен емес, адам өмірін сақтауға қосатын үлесімен өлшенеді. Сондықтан бұл зауыттың іске қосылуы өңдеу өнеркәсібіндегі кезекті жоба емес, Қазақстанның технологиялық дамуы мен медициналық қауіпсіздігіне жасалған ұзақ мерзімді инвестиция деуге толық негіз бар.

Дереккөз: https://qaz365.kz/ekonomika/19013-bir-zauyt-bir-serpilis-astanadagy-zhana-ondiris-el-meditsinasyn-kalai-ozgertedi/ 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1256733?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді