
Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты мекеме жетекшілері қатысты.
Жиын барысында ауданның тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыттар сараланып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер талқыланды.
Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстарының барысы болды. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы баяндама жасап, сайлауды заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, сайлау учаскелерінің дайындық деңгейі, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және жауапты мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы жөнінде жан-жақты баяндады. Сонымен қатар алдағы кезеңде атқарылатын ұйымдастырушылық жұмыстарға тоқталып, сайлау науқанының ашық әрі заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерді атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Талғат Кәдірханұлы Үсенбаев «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады. Баяндамада жоба аясында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жеңілдетілген несие беру, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру және ауыл экономикасын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ Бірлік ауылдық округінің әкімі Қуаныш Мәлібекұлы Оспанов округте «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп беріп, жобаның тиімділігі мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат ұсынды.
Аппараттық кеңес барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, пікір алмасу өтті. Аудан әкімі баяндамаларда көтерілген мәселелерге тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу және әрбір тапсырманың орындалуына жеке жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысында Ермек Амангелдіұлы Карентаев жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы мен белгіленген міндеттердің сапалы орындалуы аудан басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1257797?lang=ru

Жауап қалдыру