
Мүгедектікті сырттай проактивті рәсімдеу: мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
«Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін проактивті сырттай көрсету пилоттық жобасы бірлескен бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылуда. Жоба 2021 жылғы 1 қазаннан бастап елімізде енгізілген.
Пилоттық жоба аясында пациент медициналық ұйымда динамикалық бақылаудан өтіп, қажетті диагностикалық, емдеу және оңалту шараларын алады. Медициналық қызметкерлер пациенттің денсаулық жағдайына қатысты барлық мәліметті медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйесіне енгізеді.
Егер аурудың, жарақат салдарының немесе туа біткен ақаулардың салдарынан организм функцияларының тұрақты бұзылыстары анықталып, адамның тыныс-тіршілігі шектелсе, емдеуші дәрігер пациенттің медициналық деректерін тексеріп, медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жолдау мәселесін қарау үшін құжаттарды дәрігерлік-консультациялық комиссияға (ДКК) ұсынады. Комиссия пациентті МӘС-ке жіберу туралы шешім қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес, анатомиялық кемістігі бар немесе организм функцияларының өте айқын бұзылыстары бар, оңалту мүмкіндігі жоқ жазылмайтын науқастарды қоспағанда, азаматтар еңбекке уақытша жарамсыздық басталған күннен немесе жұмыс істемейтін адамдар мен балаларға диагноз қойылған күннен бастап кемінде төрт ай өткеннен кейін МӘС-ке жіберіледі.
Сырттай куәландыру пилоттық жобаға енгізілген нозологиялық нысандар бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, еңбекте мертігу, кәсіптік ауру, радиациялық әсер немесе әскери және қызметтік борышын орындау кезінде алған жарақаттарының себеп-салдарлық байланысын растайтын құжаттары жоқ азаматтарға бұл тәртіп қолданылмайды.
ДКК шешімі қабылданғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде емдеуші дәрігер №031/е нысанын электрондық форматта толтырып, пациенттің немесе оның заңды өкілінің дербес деректерді өңдеуге келісімін рәсімдейді. Сондай-ақ пациентке сырттай куәландыруға жіберілгені туралы және SMS-хабарламаға жауап беру қажеттігі жөнінде хабарланады.
Толтырылған құжаттар «Тіркелген МӘС актілерінің тізілімі» ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Осыдан кейін МӘС бөлімдерінің эксаумақтық сарапшылары құжаттарды қарап, МӘС актісінің жобасы тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сараптамалық шешім қабылдайды.
Сараптамалық қорытынды шығарылғаннан кейін медициналық ұйымға автоматты түрде хабарлама жолданады. Ал көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет нәтижесін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша аумақтық бөлімшеден алуға болатыны туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
Сырттай куәландыру нәтижесінде азаматқа мүгедектік белгіленген жағдайда мүгедектік туралы анықтама, оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіптік бөлігінен үзінді көшірме, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі туралы анықтама беріледі.
Егер азамат мүгедек деп танылмаса, оған толық оңалту туралы хабарлама ұсынылады. Ал алғашқы куәландыру барысында оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеуге медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер болмаған жағдайда, №031/е нысанындағы МӘС-тің сараптамалық қорытындысы туралы хабарлама беріледі.
Тәжібекова Жансайра
4 МӘС бөлімінің бас маманы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1256661?lang=kk

Жауап қалдыру