Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Ақтөбе облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Негізгі көрсеткіштер бойынша оң өсім сақталғанымен, облыс әкімі бағаның өсуін тежеу, инвестиция тарту және жоспарлы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың мәліметінше, алты айдың қорытындысы бойынша өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 103,6%. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жеті негізгі көрсеткіші 100%-дан асты.

Экономикалық өсімге өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және инвестициялық белсенділік негізгі үлес қосты. Жалпы өңірлік өнімнің шамамен 33%-ын құрайтын өнеркәсіп саласында 1,6 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,7%-ды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өсім 104,2%, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 103,5% болды.

Құрылыс саласында орындалған жұмыстар көлемі 162 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 110,5%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 126 млрд теңге, өсім 102,9% болды. Сонымен қатар облыс экономикасына 542 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, инвестициялардың нақты көлем индексі 100,9%-ды құрады.

«Көрсеткіштердің оң динамикасына қарамастан, жағдайды күн сайын бақылауда ұстау қажет. Әлеуметтік-экономикалық даму нақты нәтижелермен бағалануы тиіс. Әрбір көрсеткіш нақты экономикалық белсенділікті, жаңа жобалар мен құрылған жұмыс орындарын көрсетуі керек. Біз есеп үшін емес, тұрғындар сезінетін нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет», – деді Асхат Шахаров.

Отырыс барысында Ақтөбе облысының даму жоспары және 2025–2027 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жедел іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басшыларға нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қатаң бақылауға алу, инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-martuk-tanirbergen/press/news/details/1257563?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді